2025 жылдың соңына дейін Қаратал ауданы толығымен газдандырылады
Қаратал ауданында 35 елді мекеннің 39 мың тұрғыны бар 19 елді мекені газдандыруға жатады. Үштөбе қаласына газ тарту - аудандағы ірі жобалардың бірі. Қала тұрғындарының 40%-ы немесе қаланың батыс бөлігінің 8 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін 11 мыңға жуық адам тұратын қаланың қалған шығыс бөлігін де газбен қамту жоспарланған. Жалпы Қаратал ауданы 2025 жылдың соңына дейін толық газдандырылады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев халықпен кездесуі кезінде мәлімдеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиын барысында белгілі болғандай, Үштөбе қаласының шығыс бөлігінде бүгінде 184 км газ тарату желілерінің 134 км, яғни 90,5% төселген. Осылайша Үштөбе қаласы жыл соңына дейін толық газдандырылады. Сонымен қатар ауданның ауылдық елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы шамамен 2 мың халқы бар Кәлпе және Оян ауылдары газдандырылса, биылғы жылы газға тағы 6 мыңдай ауыл тұрғыны қол жеткізеді. Атап айтқанда, бүгінде Қанабек, Достық, Жаңаталап, Бастөбе ауылдарына газ тартылса, жыл соңына дейін тағы 7 ауыл – Ескелді би, Қызылжар, Тастөбе, Ортатөбе, Сарыбұлақ, Көкдала және Көкпекті ауылдары газдандырылады.
Сондай-ақ Жылыбұлақ, Жасталап, Қаражиде, Кішітөбе және Үшкөмей ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сөйтіп 2025 жылдың соңына дейін Қаратал ауданы толығымен газдандырылады, яғни ауданның табиғи газға газдандыруға жататын барлық 19 елді мекені көгілдір отынға қол жеткізе алады, бұл 39 мың тұрғын аудан халқының 96,8%.
- Абоненттерді газға қосу - маңызды мәселе. Бұл сала ортада болғанымен, біз газ қазандықтарын 10 айға бөліп төлеу арқылы сатып алу мүмкіндігін қарастырдық. Сондай-ақ қазандықтың бағасын есептемегенде, газ нүктесіне қосу құнын 170 мың теңгеден асырмау керек. Жасалып отырған жеңілдікті жағдайларды ескере отырып, халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, табиғи газға қосу мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын, - деді Бейбіт Исабаев.
Сонымен қатар Үштөбе қаласының жылу жүйелерінің жағдайы да тұрақты назар аударылып келеді. Қазіргі кезде Үштөбе қаласында 322 абонент жылу жүйесімен қамтылған. Тұтынушылар санының өсуіне байланысты орталық қазандықтың қуатын арттыру мақсатында былтыр 478 млн.теңгеге жалпы қуаты 12 Гкал/сағ болатын қосымша блокты-модульді газ қазандығы орнатылды. Соның нәтижесінде қалада қосымша 50 мың шаршы метр аумақты жылумен қамтуға мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ Үштөбенің Момышұлы, Рысқұлов, Попов көшелерінің магистралдық жылу трассаларын қайта жаңарту көзделген. Құрылыс жұмыстарының құны - 892,3 млн. теңге.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -