Ақмола облысының әкімі Бурабай ауданына барды
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай ауданына жұмыс сапары барысында Щучинск қаласындағы тұрғын үйлердің құрылысымен танысып, фильтр шығаратын кәсіпорынға барды.
Құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, аудан әкімдігі сатып алатын пәтерлерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда екі тұрғын үй кешенінен әлеуметтік осал топтарға арналған 100 пәтерді сатып алу жоспарлануда.
«Дайын пәтерлерді сатып алу арқылы баспанаға мұқтаж жандардың кезегін азайтуға бірегей мүмкіндік туды. Сонымен қатар, бұл тұрғын үйлер бюджет есебінен салынған үйлерге қарағанда сапалырақ. Бұл шара көпбалалы отбасылардың, жетім балалардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың және басқа да әлеуметтік маңызы бар санаттағы тұрғындардың баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Үй қаланың ішінде орналасқан, барлық коммуникация тартылған, жанында әлеуметтік нысандар бар. Өткен жылы 200 пәтер сатып алынды, биыл да осы көлемнен кем болмайды», – деп атап өтті аймақ басшысы.
Халық үшін ең маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үйдің қолжетімділігі. Айта кетерлігі, өткен жылы Бурабай ауданында тұрғын үйлердің салынуы мен пәтерлердің сатып алынуы нәтижесінде 178 отбасының баспана жағдайы жақсарды. Жалпы өңір бойынша өткен жылы 850 пәтер сатып алынды.
Аймақ басшысы сондай-ақ шаң-газ тазарту, желдету және сұйықтықты сүзу жүйелеріне арналған өнеркәсіптік сүзгілерді шығаратын «Asiafilter Inc» ЖШС кәсіпорнында болды.
Коммерциялық директор Руслан Балмағамбетовтың айтуынша, кәсіпорын Қазақстандағы жалғыз өнеркәсіптік сүзгі өндірушісі болып табылады. Компания 2011 жылы жеткізуші ретінде құрылған, ал 2019 жылы 40 жергілікті қызметкер жұмыс істейтін өз өндірісін іске қосты.
«Біздің өнімдер энергетика, металлургия, химия және азық-түлік өнеркәсібінде қолданылады. Барлығы төрт түрлі сүзгі шығарамыз: ғимараттарға кіретін ауаны тазартуға арналған сүзгілер (әкімшілік ғимараттар, ауруханалар, мектептер және т.б.); ауа рукавты сүзгілер (өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындыларын тазарту); сұйықтық сүзуге арналған қапшықты сүзгілер (азық-түлік өнеркәсібінде қолданылады); сұйықтықтан ұсақ қатты бөлшектерді бөлуге арналған сүзгі мата (қымбат металдар өндірісінде қолданылады). Яғни, біздің сүзгілер жеңіл өнеркәсіптен бастап ауыр өнеркәсіпке дейін әртүрлі кәсіпорындарда қолданылуы мүмкін», – деп түсіндірді Р. Балмағамбетов.
Бұрын өнеркәсіптік сүзгілер негізінен Еуропадан сатып алынатын, жеткізу екі айға дейін созылатын. «Asiafilter Inc» компаниясының құрылуымен бұл жағдай өзгерді. Оның тұрақты серіктестері Қазақстанның көптеген кәсіпорындарына айналды. Мысалы, Ақмола облысында бұл – «RG Gold» ЖШС және «Altyntau Kokshetau» АҚ алтын өндіруші компаниялары. Өнімдер Қырғызстан мен Ресейге де экспортталады. Өткен жылы Өзбекстан астанасында өкілдік ашылды.
Биыл кәсіпорында қосымша өндірістік желілер іске қосылып, азық-түлік өнеркәсібіне арналған сүзгілердің жаңа түрлерін шығару жоспарлануда.
Марат Ахметжанов кәсіпорынның жоспарларын қолдап, оның қазақстандық үлесті дамытудағы маңыздылығын атап өтті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -