АҚШ-тан жүлдемен оралған боксшы Даниял Райымбековты жанкүйерлер Астана әуежайында қарсы алды
26 қазан мен 2 қараша аралығында бокстан АҚШ-тың Колорадо штатында алғаш рет өткен 19 жасқа дейінгі әлем чемпионатының жүлдегерін жанкүйерлер Астана әуежайында қошеметпен қарсы алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
2023 жылы жаңадан құрылған World Boxing ұйымы биыл АҚШ елінде 19 жасқа дейінгі әлем чемпионатын ұйымдастырып, әлемнің 30 елінен 178 боксшының басын қосты.
Байрақты бәсекеге Қазақстан атынан 4 боксшы сынға түсіп, 2 күміс жүлдені иеленді. Оның арасында 85 келіде жұдырықтасқан елордалық Даниял Райымбеков бар. Ол финалдық жекпе-жекте Уэльс өкілі Дэниэл Питке есе жіберді.
«Бұл - менің халықаралық деңгейдегі екінші жарысым. Бұған дейін Сербия еліне барған едім. 19 жасқа дейінгі әлем чемпионатына іріктеу оқу-жаттығу жиыны жүргізіліп, нәтижесінде АҚШ-қа бару бақыты бұйырды. Эмоциямды айтып жеткізе алмаймын. Психологиялық, тәжірибе жағынан үлкен сабақ болды. Енді қателіктермен жұмыс істеп, Ақтау қаласында өтетін ел чемпионатына дайындығымды пысықтаймын», - деді Даниял Райымбеков.
Айта кетейік, Қазақстанның бокс федерациясы күні кеше ғана ресми түрде World Boxing-тің толыққанды мүшесі атанған болатын.
Енді Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде 2027 жылғы бокс бойынша әлем чемпионатын өткізуге ниетті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -