Ақтөбе облысында наурыз айына арналған мерекелік іс-шаралар кең көлемде аталып өтеді
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде наурыз айында өтетін мерекелердің тұжырымдамасы талқыланды.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова «Алғыс айту» күні, 8 наурыз және Ұлыстың ұлы күні – Наурызды тойлауға арналған жоспарды баяндады.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында 1 наурыз «Алғыс айту» күніне орай, өңір бойынша 200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Шығармашылық байқаулар, танымдық кездесулер, көрмелер, мерекелік бағдарламалар, құттықтау челлендждері, бейнероликтер, алғыс керуені, фестиваль, ансамбль шерулері мен өзге де көптеген іс шара бар.
Мерекенің маңызды бөлігі – «Алғыс елдің бәріне...» мәдени шарасы мен естелік сый және тәтті дәм тарататын «Шын жүректен!» алғыс керуені. Керуен қозғалысы үшін 5 бағыт белгіленді.
Ал, «Мың алғыс» акциясы аясында түрлі кәсіп иелеріне алғыс айтылады, естелік сыйлықтар табысталады. Олардың қатарында аула сыпырушы, қоғамдық көлік жүргізушілері, электриктер мен өзге де маман иелері бар. Әлеуметтік желілерде «Алғыс айту – адамгершіліктің белгісі» атты челлендж ұйымдастырылады, мектептер мен білім беру мекемелерінде тақырыптық сабақтар мен көркемсөз байқаулары өтеді.
8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай, 500-ден астам іс-шара жоспарланған. Байқаулар, мерекелік кештер, акциялар мен қыз-келіншек, аналар мен әжелерге арналған құттықтаулар. 7 наурыз күні Өнер орталығы ғимаратында Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде 100 әйелді салтанатты түрде құттықтау, марапаттау кеші өтеді. Ал, күннің екінші бөлігінде «Дана әйел – әлемнің әні!» арулар үшін мерекелатты мерекелік бағдарлама өтеді.
Сондай-ақ, «Екі Езу» сатира театрының «Күлкі сыйлайық әйелге» концерті, түрлі салада жұмыс істеп жүрген аруларға арналған «Ана – ұлы есім!» атты мерекелік шара, құлағы нашар еститін және зағип жандарға арналған «Сыйынар ем ана деген тәңірге!» концерті, «Дана ене, дара келін» мерекелік шарасы мен өзге де іс-шаралар жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, мереке күндері көпбалалы аналар мен белсенді қыз-келіншектерді, 90 және 100 жасаған әжелер мен перзентханадағы 8-і күні сәбилі болған аналарды құттықтау ұйымдастырылады.
Ал, Наурыз мейрамын атап өту былтырғыдай «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес тойланады. Мереке кезеңі он күндікке жоспарланған. Әр күн Қазақстан қоғамының алуан түрлілігі мен ұлттық бірегейлігін көрсететін белгілі бір тақырыпқа арналады.
14 наурыз – «Көрісу», 15 наурыз – «Қайырымдылық», 16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», 17 наурыз – «Шаңырақ», 18 наурыз – «Ұлттық киім», 19 наурыз – «Жаңару», 20 наурыз – «Ұлттық спорт», 21 наурыз – «Ынтымақ», 22 наурыз – «Жыл басы - Наурызнама», 23 наурыз – «Тазару күні».
«Облыс бойынша жалпы саны 500 мың адамды қамтитын 1800-ден астам іс-шара жоспарлануда. Наурыз мерекесі аясындағы барлық шара ұлттық құндылықтарды нығайтуға, мақтаныш сезімін тәрбиелеуге, халықты біріктіруге және жақсы көңіл-күй қалыптастыруға бағытталған», - деді Алтынай Юнисова.
Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі биыл Наурыз мерекелерін тойлауға ерекше назар аударылғанын атап өтті.
«Наурыз – халқымыздың озық дәстүрлері мен құндылықтарын бейнелейтін ай. Біз оны қуанышпен ғана емес, жетістіктер үшін, ортақ еңбегіміз бен өркендеуге деген ұмтылысымыз үшін мақтанышпен атап өтеміз.
Биыл 8 наурыз мерекесінде Жұмысшы мамандықтар жылына орай күнделікті коммуналдық қызметтерде еңбек етіп, кәсіпорындарда жұмыс істеп өңірдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген қыз-келіншектерге ерекше көңіл бөлінеді. Олардың жұмысы көзге көріне бермесе де, еңбектері өлшеусіз. Сондықтан аталған салада қызмет етіп жүрген нәзік жандыларды құттықтап, олардың жетістіктерін айтып, құрмет көрсетеміз.
Наурыз айындағы әрбір мереке, осы салтанатты іс-шаралардағы әрбір сәт еңбекке, дәстүрімізге және болашағымызды құратындарға құрметке толы болатынын атап өткім келеді», - деп атап өтті облыс әкімі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -