АҚТӨБЕДЕ ҒАЛЫМДАР «КӨКЖИДЕ» КЕН ОРНЫНА БАЙЛАНЫСТЫ МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ ЖОЛДАРЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
5-6 желтоқсан күндері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы және «Самғау» ғылыми-техникалық инициативалар орталығының ұйымдастыруымен ғылыми-техникалық сессия өтті.
Іс-шараға ғалымдар, сарапшылар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Энергетика министрлігінің, Ғылым комитеті мен Ғылым қорының өкілдері қатысты.
– Бүгін біз ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасымен алтыншы ғылыми-техникалық сессияны өткіздік. Бұл жүйелі жұмыс ғылыми-техникалық қызметтің басым бағыттарын қалыптастыруға арналған жаңа механизмдерді әзірлеуге бағытталған. Әр сессия өткізілген сайын бұл форматтың нақты экономика қажеттіліктерін шешудегі тиімділігі дәлелденіп келеді. Аталған іс-шаралар ғылым мен бизнестің арасындағы кооперацияны жақсартуға, экспортқа бағытталған жаңа өнім өндірісі үшін коммерцияландыру жобаларын алға жылжытуға ықпал етеді. Тәжірибе ғылыми идеяларды нақты прототиптер мен стартаптарға айналдыруға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасының халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажетті нәтиже, – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки.
Сессияның алғашқы күні ғалымдар «Көкжиде» кен орнындағы жер асты суларының мұнай өндіруден ластануы мәселесін талқылады.
Сессия қатысушылары іс-шара барысында жер асты суларының сапасын сақтау бойынша тиімді шешімдер мен шаралар ұсынылатынына сенім білдірді.
– Бұл – жер қойнауын пайдаланушылармен ортақ түсіністікке келіп, жер асты су ресурстарын сақтауға бағытталған бірлескен жұмыстарды жүзеге асыруға жасалған тағы бір маңызды қадам. Менің ойымша, бүгінгі сессияның ең маңызды мәселесі – «Көкжиде» кен орнын толық зерттеуді бастау. Біздің университет экожүйенің қазіргі жағдайын анықтап, су ресурстарын басқарудың тиімді стратегияларын әзірлеу үшін барлық табиғи компоненттерді қамтитын кешенді биожүйелік зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр, – дейді Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің экология кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты Ақылжан Телеуов.
Сессияның екінші күні қатысушылар «Көкжиде» жерасты су кен орнына қатысты ғылыми-технологиялық шешімдерді бірлесіп іздеу және әзірлеумен айналысты. Іс-шара аясында су саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, қатысушылар тәжірибе және ұсыныстармен алмасып, өңірдің су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғауға арналған инновациялық идеялар әзірледі. Сондай-ақ, Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ мен KazEnergy жүргізген геоэкологиялық және гидрогеологиялық зерттеулердің аралық нәтижелері ұсынылды. «Schlumberger», «Halliburton» және «Baker Hughes» сынды әлемдік жетекші компаниялар мен «SNPC-AMG» АҚ өкілдері осындай кен орындарын игеру тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар іс-шара барысында «Қазахойл Ақтөбе» ЖШС өндірістік алаңдарына экскурсия ұйымдастырылып, қатысушылар жұмыс процестерімен танысты.
Бұл шара ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту және экологиялық ластанумен күрес пен су ресурстарының жағдайын жақсарту үшін тиімді шешімдер іздеуде маңызды қадам болды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -