Ақтауда мерзімді қызметін өтеген сарбаздарды салтанатты жағдайда шығарып салды
Ақтау гарнизонының әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында белгіленген мерзімде қызмет еткен әскери қызметшілердің Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі өтті.
Салтанатты рәсімге еліміздің тоғыз өңірінен бір жыл бұрын шақырылған 206 әскери қызметші қатысты. Іс-шараға шақырылғандардың арасында Қарулы күштердің ардагері запастағы полковник Сабыр Нәжекенов, Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысы бойынша «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Гүлмира Жанысбаева болды.
Бригада командирі полковник Марат Құдабаев запасқа шығарылатын әскери қызметшілерге арнаған сөзінде олардың көпшілігі азаматтық әскери-есептік мамандықтарды игергенін атап өтті.
- Сіздер осы бір жыл ішінде баға жетпес өмірлік тәжірибеге ие болдыңыздар. Алдағы өмірлеріңе сәттілік тілеймін. Ата-аналарыңызға сәлем айта барыңыздар, - деді ол.
Адал қызмет атқарғаны және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды сапалы орындағаны үшін бірқатар жауынгерлер грамотамен, естелік сыйлықпен және фотоальбоммен марапатталды.
- Батыс өңірінің әуе шекараларын қорғауға қатысқанымды мақтан тұтамын. Қызмет барысында біз өзімізге пайдалы тәжірибе алдық. Адал достар таптық. Командирлерге қолдау көрсеткені үшін рахмет айтамын. Жастарға айтарым, қызметке бәріміз дайын болуымыз керек, – деді бөлімше командирі – техникалық дивизионның аға операторы, Ақтөбе облысынан шақырылған кіші сержант Игорь Якушенко.
Айта кету керек, осы күзде Ақтау гарнизонынан 1500-ден астам мерзімді қызметтегі әскери қызметші запасқа шығарылды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -