Ақтоғай ауылында жаңа шағын аудан пайда болады
Ақтоғай ауылының солтүстік-батысында жаңа шағын ауданның құрылысы жалғасуда. Тұрғын үй халықтың әлеуметтік осал топтары үшін салынуда.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ақтоғай ауданында болып қайтты.
Болашақ шағын аудан үшін су құбыры, кәріз және жылу желілері, телефон кабельдері салынды. Электр желілері тартылады.
Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжоловтың айтуынша, үйлерді инфрақұрылымға қосуды келесі жылы аяқтау жоспарлануда.
Ақтоғайда орталық кәріз құрылысы бойынша үлкен жоба жалғасуда. Сорғы станциясының жұмысымен аймақ басшысы танысып өтті. Мұндағы жұмыстар 75 % аяқталды.
Жобаның арқасында барлық ауылдық үйлер бірыңғай кәріз жүйесіне қосыла алады.
Облыс әкіміне жаңа жылыту маусымына дайындық туралы баяндалды. Шашубай және Сарышаған кенттеріндегі қазандықтар жөнделді. Көмір сатып алынуда.
Нысандарды аралап болғаннан кейін Ермағанбет Бөлекпаев Ақтоғай ауданының тұрғындарымен кездесті.
– Кездесулерде көтерген барлық мәселелер назардан тыс қалмайды. Мен орталық кәрізді төсеу бойынша жұмыстардың қалай жүріп жатқанын қарадым. Жоба үлкен, сұрақтар бар, бірақ олар шешіледі. Ауыл тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бірінші кезекте. Қазір Қарағандыда бір бағдарлама бар: кәсіпкерлер үй салады, ал біз олардан сатып аламыз. Егер бизнесмендер осындай бағдарламаны қолдағысы келсе, біз ынтымақтастыққа дайынбыз, – деді облыс әкімі Ақтоғай ауданының кәсіпкерлері мен тұрғындарына.
Ауыл тұрғындары өңір басшысына оларды қазір қандай мәселелер қызықтыратынын айтып берді.
Мәселен, Абай ауылының мектебі ұзақ уақыт күрделі жөндеуді қажет етіп келеді. Бұл мәселе облыс әкімімен өткен кездесуде көтерілді. Қазандық жөнделді. Келесі жылы барлық ғимаратты күрделі жөндеуге кіріседі, деп түсіндірді білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Тұрғындар Нарманбет ауылындағы амбулаторияның жағдайы мен мәселесін көтерді. Бұл мекемеге екі ауылдың тұрғындары – Абай мен Нарманбет медициналық көмекке жүгінеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қыста ғимарат суық, сонымен қатар жөндеуді қажет етеді. Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы медициналық нысандарды жаңғыртудың жалпы жоспары бар екенін хабарлады. Алдымен аудандық ауруханалар жөнге келтіріледі, содан кейін кенттік амбулаторияларды жөндеуге кіріседі.
Ауданда автожолдарды жөндеуге де көп көңіл бөлінуде. Ақтоғай – Ақсу-Аюлы жолының жай-күйіне шағымдар көп. Жолдың барлық ұзындығында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, шамамен 20 км аяқтау қалды, биыл аяқталуы тиіс.
Ақтоғай – Шылым – Ақжарық жолының 20 шақырымы жөнделуде. Сондай-ақ, бүгінгі күні тағы 20 км-ге арналған құжаттама әзірленуде.
Ауыл тұрғындары облыс әкіміне сондай-ақ жөнделген жолдарды ауыр жүк көліктері бүлдіретініне шағымданды. Полицейлерден рейдтердің санын көбейтуді сұрады.
Тұрғындар көмірдің сапасына да наразы.
– Мен көмірдің сапасын бақылау керек деп бірнеше рет айттым. Қыста денсаулық сақтау және білім беру нысандарын жылытуда ешқандай проблемалар болмауы тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Кездесу аяқталғаннан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -