Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданындағы кәріз желілерінің құрылыс барысымен танысты
Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, кәріз желілерінің құрылыс барысымен танысты.
Жоба бойынша Алмалы ауданының 19 көшесінде жалпы ұзындығы 15 км болатын кәріз желілерін салу көзделген. Биыл 6 көшеде 3 км желінің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, жеке сектор салына бастағаннан бері орталықтандырылған кәріз жүйесі болмаған Бруно көшесінде құрылыс жұмыстары аяқталды.
2025 жылы қалған 13 көшеде жобаны жүзеге асыру жалғасады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 6800 тұтынушы орталықтандырылған инженерлік желілермен қамтамасыз етіледі.
«Тұрғындар атынан біздің өтініштерімізге назар аударып, атқарылған жұмыс үшін алғыс айтамын. Бізде орталықтандырылған кәріз жүйесі пайда болды, көше жарығы орнатылды, жұмыстан кейін жол толық енімен асфальтталды. Бұл өзгерістерге өте ризамыз, енді бізде жайлы әрі ыңғайлы болды. Біз қуана-қуана серуенге шығамыз. Қолдауларыңыз бен қамқорлықтарыңыз үшін рахмет», - деді тұрғындардың бірі.
Айта кетейік, 2024 жылдың наурызында қала әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен Алматыда инженерлік коммуникацияларды күтіп ұстаудың жаңа ережелері қабылданды. Құжатқа сәйкес, жер асты инженерлік желілерді төсеу кезінде жол жабынын ашу және көшелерді қазу асфальтбетон жабындысын толықтай – жиектастан жиектасқа дейін қалпына келтіру міндеттемесімен жүргізілуі керек.
Қала басшысы Алмалы ауданының әкіміне құрылыс сапасы мен жылдамдығын бақылап, тұтынушыларды орталықтандырылған коммуникацияларға уақытылы қосуды тапсырды.
Еске сала кетейік, Алматыда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Биылғы 9 айда 219 км жаңа сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды, 27,3 км қолданыстағы желілер жаңартылды. 2025 жылы тағы 240 км желі салу және 48 км желіні жаңарту жоспарланған.
Осылайша, қабылданған кешенді шаралардың арқасында 100 мыңға жуық қала тұрғыны үшін инженерлік желілердің тозуына байланысты жылдар бойы шешілмеген сумен жабдықтау және су бұру желілері мәселесі шешіледі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -