Алматы облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асырылуда
Алматы облысында оқушыларға қолайлы және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда облыстың бес ауданында 24 900 оқушыға арналған 26 жаңа мектептің құрылысы басталды. Бұл — өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы маңызды қадам.
2024 жылы облыста 11 100 оқушыға арналған 9 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, облыстық білім басқармасының балансына өткізілді. Осы мектептердің ашылуының нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 53-тен 32-ге дейін азайды.
Алматы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Ниязұлының айтуынша, жаңа білім ошақтары заман талабына сай жабдықталған. Барлық мектепте физика, химия, биология кабинеттері, компьютер сыныптары, STEM-зертханалар мен робототехника кабинеттері қарастырылған. Сонымен қатар, TOUCH/LED экрандар, заманауи компьютерлер мен интерактивті құрылғылар орнатылған. Оқу-тәрбие үдерісін тиімді жүргізу үшін акт залы, медиатека және электронды кітапханалар жұмыс істейді. Сондай-ақ, мектептердің қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа автобус бағыттары ұйымдастырылып, аялдамалар салынған.
Қазіргі таңда бұл мектептерде 10 921 оқушы білім алып жатыр. Сонымен қатар, 812 мұғалім мен 394 техникалық қызметкер жұмысқа орналастырылған.
«Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының мәліметінше, 2025 жылдың соңына дейін тағы 17 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
«Жайлы мектеп» жобасы – оқушылардың сапалы білім алуына және мұғалімдердің жайлы жағдайда еңбек етуіне бағытталған маңызды бастама.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -