Қарағандыға арнау: сүйікті қалаға алты сурет
Алты суретші өз картиналарында Қарағандыны ұлықтады – қалада алғашқы шығармашылық симпозиум аяқталды. Қазір мұражайда көрермендер назарына "Уақыт пен кеңістіктегі Қарағанды" көрмесі ұсынылады. Ол 2 қыркүйекке дейін жалғасады.
Симпозиумға қарағандылық суретшілер: Айбек Бегалин, Бейбіт Мұстафин, Виктор Арент, Игорь Раков, Қаныш Балабеков, Мәдихан Қалмаханов қатысты. Шарт бойынша әр қатысушы Қарағанды туралы 120 см-ден 100 см-ге дейінгі форматтағы бір көркем сурет салуы керек еді. Жұмыстар мұражайда белгілі бір уақыт аралығында – 20–28 тамыз аралығында жүргізілді.
– Көрмеде симпозиумның қорытынды жұмыстарынан басқа, біздің музей қорындағы сол суретшілердің суреттері ұсынылған. Көрерменге өткен және қазіргі жұмыстарды салыстыруға мүмкіндік беріледі. Олар шынымен де әртүрлі: суретшілер өз стилін, ырғағын, түсін және т. б. шамалы өзгертті, сонымен қатар біздің қаламыздың шежірешісі Павел Андрияктың жұмыстары ұсынылған, – деді музей басшысы Бибігүл Құдабаева.
Қатысушылардың жұмыстары бір-біріне ұқсамайды, дегенмен барлығында бүгінгі және өткен Қарағанды бейнеленген:
"Менің Қарағандым",
"Қарағандыға мадақ",
"Менің балалық шағымның қаласы",
"Комиссаров көшесінде тұратын қарағандылық",
"Өткенді зертте. Болашақты көр. Бүгінгі күнді жаса",
"Кежар".
Қаныш Балабеков өзінің картинасын "Менің Қарағандым" деп атады.
– Мен екі жылға жуық қолыма қылқалам алмадым, бірақ симпозиумға қатысудан бас тарта алмадым. Өз жұмысымда Қарағандының даму тарихын көрсетуді шештім. Суретте адамдар жоқ, олардың бейнелері бас киімдермен белгіленген. Аппақ Байжановпен болған оқиғаны бәрі біледі, ол бөрік киген, міне, менің суретте 30–50 жылдардағы шахтерлердің шляпасына, содан кейін шахтерлердің заманауи каскасына айналатын бас киім бейнкленген. Сондай-ақ көлікпен – арбалардан пойыздарға дейін, үйлер – киіз үйден, казармадан және Оңтүстік-Шығыстың бүгінгі көпқабатты үйлеріне дейін салдым, – деп түсіндірді суретші.
"Комиссаров көшесінде тұратын қарағандылық" картинасын салу тарихы туралы Мәдихан Қалмаханов айтып берді.
– Мен Комиссаров көшесіндегі симпозиумға бір апта қалғанда бардым. Күн бұлтты болды, аздап жаңбыр жауды. Үйлердің бірінің жанындағы орындықта бір әйел отырды. Ол мені бірден баурап алды. Мен ол кісіні бейнелеуге рұқсат сұрадым: дәл осы кісіні салғым келді. Рас, суретте мен күнді бейнеледім, өйткені Қарағанды кім не десе де жарқын қала, – деп бөлісті суретші.
Ал Айбек Бегалин "Қарағандыға мадақ" арнады.
– Менің картинамның негізгі идеясы - өткенді, болашақты және бүгінді қарағандылықтар, сәулет, қала рухы арқылы байланыстыру. Қарағанды - бұл ең алдымен адамдар, сондықтан біз өз шығармашылығымызбен адамдарға және қалаға деген сүйіспеншілігімізді көрсетуге тырыстық, – деп атап өтті Айбек Бегалин.
Симпозиум қатысушыларына ақшалай сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.
Суретшілердің барлық жұмыстары мұражай қорына түседі. Кейінірек жинақ-альбом шығару жоспарлануда, оған симпозиумдағы фотосуреттер, суретшілер туралы ақпарат және олардың жұмыстары кіреді.
Ұйымдастырушылар – Қарағанды әкімдігі, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, облыстық бейнелеу өнері мұражайы және Теміржолшылар МҮ.
Қарағандының туған күнін мерекелеу жыл соңына дейін жалғасады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -