Асхат Шахаров су тасқынында ақтөбеліктерге көмектескен азаматтарға мемлекеттік наградаларды табыстады
Ақтөбе облысында орын алған көктемгі су тасқынында бей-жай қарап қалмай, зардап шеккендерге қолғабыс білдірген жеке кәсіпкер, волонтер, құтқарушылардың кеудесіне бүгін медаль тағылды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ақтөбе облысының 11 тұрғыны мемлекеттік наградаға ие болды. Оның алтауы бүгін Ақордада өткен салтанатты рәсімге қатысып, Мемлекет басшысының қолынан марапаттарын алды.
Ал қалған бес азаматқа жоғары дәрежелі марапатты облыс әкімі Асхат Шахаров облыстық әкімдіктің мәжіліс залында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде табыстады. Өңір басшысы төтенше жағдайда азаматтық белсенділік танытқандар – нағыз патриоттар деді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өміріне қауіп төнсе де, сын сағатында күндіз-түні аянбай еңбек етіп, өз қызметтерін адал атқарған әрбір жанға алғысын жеткізді.
«Өңірімізде орын алған табиғи тасқында төтенше жағдайлар қызметі, әскерилер, полицейлер, дәрігерлер, коммуналдық мекемелердің өз қызметтерін адал атқарды. Оларға, сондай-ақ, зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты қолдау білдіріп, қол ұшын созған жандар да өте көп болды. Бәрін де нағыз патриоттар, тілеулестер деуге болады. Ал бейбіт күннің батыры атану – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Ел басына күн туып, төтенше жағдай кезінде шұғыл шешім қабылдап, ержүректілік танытқан барлық жерлеске шын жүректен алғыс айтамын», - деді Асхат Шахаров.
Атап айтқанда, Ырғыз ауданы Нұра ауылдық клубының күзетшісі Саламат Қоқымбай ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, Шалқар ауданының жеке кәсіпкері Бегімбет Рақыманов және ауданы Көптоғай ауылдық округінің өрт сөндіру бекетінің басшысы Ерлан Шойынов «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, волонтер Асылан Сатанғалиев «Шапағат» медалімен наградталды.
Сонымен қоса, табиғи апатта халыққа қол ұшын созып, көмек берген, оларды қауіпсіз жерге көшіруде жедел әрекет еткен 14 жан Алғыс хатқа ие болды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -