Ашық диалог: Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы өндірушілері мемлекеттік органдармен жер пайдалану және ветеринария мәселелерін қарастырды
Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы өндірушілері мемлекеттік органдармен жер қатынастары мен ветеринария мәселелерін талқылады. Кездесудің мақсаты – аграрлық секторды мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру және проблемаларды жою үшін шешімдерді бірлесіп іздеу.
Басты тақырыптардың бірі жер конкурстарын ұйымдастыру және өткізу кезінде жергілікті атқарушы органдар мен жер комиссияларының жұмысындағы бұзушылықтар мен кемшіліктерді талқылау болды. Семинар-кеңесте мамандар фермерлік шаруашылықтарды жүргізу үшін жерді жалға беру тәртібін реттейтін заңнама нормаларын түсіндірді.
– Жер пайдалану мәселесінде көптеген қиындықтар туындайды. Әсіресе конкурстық рәсімдерді өткізу кезінде комиссиялардың шешімдері жиі наразылық туғызады, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов. – Мұндай жағдайларды болдырмау үшін біз барлық туындаған мәселелерді егжей-тегжейлі талқылап, құзыретті мемлекеттік органдарға, оның ішінде ауыл шаруашылығы министрлігіне немесе тиісті комитетке өтініш дайындауымыз керек.
Сонымен қатар, ветеринария саласындағы талаптарға, атап айтқанда, есептік нөмір алуға байланысты мәселелерге ерекше назар аударылды. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау ережесінің талабы бойынша осы жылдың 1 қаңтарынан бастап шаруашылыққа кез келген субсидия алу үшін есептік нөмірлері болуы қажет. Бірақ ол үшін алдымен ауыл шаруашылығы өндірушісінің 50 талапқа сәйкестігіне ветеринарлық-санитарлық паспорт алу қажет. Олар ірі бордақылау алаңдарына, шошқа шаруашылығы кешендеріне немесе мыңдаған мал басы бар мал шаруашылығы шаруашылықтарына арналған.
– Қазіргі уақытта облыс бойынша мал шаруашылығында субсидия алатын шаруа қожалықтарының 80–85%-ында 50-ден 200-ге дейін ірі қара мал басы бар. Және олардың қысқа мерзім ішінде қойылатын қатаң талаптарға жауап беруін қамтамасыз ету мүмкін емес, – деп атап өтті Бауыржан Асанов. – Бұл талап фермерлердің мемлекеттік қолдау шараларын алуына тікелей әсер етіп, оларда қиындықтар туғызады. Осыған байланысты аталмыш рәсімдерді жеңілдету және жетілдіру үшін министрлікке ұсыныстар да жіберілетін болады.
Бұдан басқа, кездесуде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қайтару туралы айтылды.
– 2022–2024 жылдар аралығында облыста 1,9 млн гектар жер қайтарылды. Оның 71,1 мың гектары немесе 3,7 пайызы айналымда, – деп атап өтті жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ламбеков.
Бауыржан Асанов қараусыз қалған және заңсыз берілген жерлерді айналымға қайтару, ашық жер сауда-саттығын өткізу, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру – ауыл шаруашылығының дамуына тікелей әсер ететін факторлар екенін атап өтті.
Кеңесте ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдау тетіктері де қозғалды. Фермерлер мен кәсіпкерлер бұл жүйені жетілдіру жөнінде ұсыныстар білдірді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -