Астанада еріктілер аязды күні коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты
Елордада ауа райының қолайсыздығына қарамастан «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
«Біз бүгін аязды ауа райына қарамастан елорданың таза болуына атсалысып жүрген коммуналдық қызметкерлерге қолдау білдіруге шықтық. Осылайша таңнан кешке дейін жұмыс істейтін адамдарға жылулық пен жақсы көңіл күй сыйлағымыз келеді», - дейді елордалық ерікті Қайсар Құлқожахмет.
Өз кезегінде коммуналдық қызметкерлер еріктілерге алғыс білдірді.
«Аязды күні осындай акция ұйымдастырған еріктілерге алғыс айтамын. Олар бізге мүмкіндігінше көмектесіп, тіпті мереке күндері тәтті таратып, ықыластарын білдіріп жатады», - дейді коммуналдық қызметкер Айнагүл Қожина.
Қала тазалығы жұмысында 10 жылдан бері жұмыс істеп жүрген Нұрғали Өміржан мұндай игі акциялар халықты бірлікке шақыратынын айтты.
«Осындай игі акциялар қала бойынша жиі өтетінін естіп жатамыз. Бүгін ыстық шай мен бауырсақ таратып жатыр. Менің ойымша, осындай игі акциялар тұрғындарды ұйымшылдыққа шақырады. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін»,- дейді Нұрғали Өміржан.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -