Астанада мектеп оқушылары тігін фабрикасының жұмысымен танысты
Елордалық мектеп оқушылары үшін тігін фабрикасымен таныстыру экскурсиясы өтті. Мұндай іс-шаралар мектеп оқушыларының болашақ мамандығын таңдауына көмектесу үшін өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
№23 орта мектептің 7-9 сынып оқушылары Астана қаласының арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Ютария» тігін фабрикасының жұмысымен танысты.Мектеп оқушыларына тігін өндірісінің заманауи технологиялары көрсетіліп, әмбебап станоктарда жұмыс істеу барысы жан-жақты түсіндірілді. Балалар қызметкерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қоя алды.
«Біз жұмыс киімінің қалай тігілетінін өз көзімізбен көріп, күртешелерге белгілі бір пішін беретінін білдік. Біз үшін бұл өте қызықты болды», - деп 9-сынып оқушысы Диана Дидарова өз әсерімен бөлісті.
Бұл экскурсияның мақсаты – мектеп оқушыларын еңбек нарығында сұранысқа ие қазіргі мамандықтармен таныстыру, сонымен қатар техникалық мамандықтарға деген қызығушылықты дамыту.
«Біз жастармен кездесіп, зауытымызды көрсеткенімізге қуанамыз. Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың мамандық таңдауда қателеспеуіне және саналы таңдау жасауға септігін тигізетініне сенімдіміз», - деп атап өтті күрте цехының шебері Алтын Ташметова.
Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, Астанада Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, «Astana Invest» қалалық инвестициялық даму орталығымен және Астана даму орталығымен бірлесіп, 7-11 сынып оқушылары мен колледждің бірінші курс студенттері үшін ұйымдастырған кәсіптік бағдар беру экскурсиялары өтіп жатыр. Жоба аясында қазірдің өзінде 5 мыңға жуық мектеп оқушысы мен студенттер елордадағы кәсіпорындар мен оқу орындарын аралау мүмкіндігіне ие болды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -