Аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғау шаралары туралы
Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларды қолдауға бағытталған жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) беріледі.
АӘК отбасына оны өмірлік қиын жағдайдан шығару үшін кешенді қолдау көрсетуді көздейді.
Біріншіден, бұл ақшалай төлем. Екіншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шаралар.
АӘК тағайындаудың барлық кезеңіне отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Келісімшартты бұзу бүкіл отбасына АӘК төлеуді тоқтату және келесі алты айда АӘК тағайындаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
Үшіншіден, 1 жастан 6 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға 1,5 айлық есептік көрсеткіш (2024 жылы 5538 теңге) мөлшерінде қосымша төлем беріледі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысында АӘК алушылар саны 6635 адамды немесе 1420 отбасын құрады (2023 ж. – 2088 отбасы, 9640 адам).
АӘК төлеуге 619,1 млн теңге бағытталды. Бұл ретте бір адамға көмектің орташа мөлшері 8511 теңгені құрайды.
АӘК басты мақсаты – еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту, еңбекке ынталандыру арқылы кедейлік шеңберінен шығару.
Мәселен, ағымдағы жылы АӘК-нің 1259 еңбекке қабілетті алушылардың ішінен 739 адам жұмыс істейді, 398 адам бала күтімімен айналысады және 122 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.
Әлеуметтік келісімшартты енгізудің арқасында 236 еңбекке қабілетті адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Әлеуметтік кодекске сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі халықтың медиандық кірісінен (бұдан әрі – МК) айқындалатын болады.
Ағымдағы жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, Отбасының цифрлық картасының деректері негізінде тоқсан сайынғы медиандық кіріс мөлшерін есептеді.
Жүргізілген есептеулер нәтижесінде кедейлік шегі медиандық кірістің 35% деңгейінде, бірақ қолданыстағы деңгейден төмен емес, яғни өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде айқындалды.
Кедейлік шегін анықтау кезінде медиандық кірісті енгізу АӘК мөлшерінің азаюына алып келмейтіні атап өту маңызды.
Сондай-ақ, 2025 жылы Министрлік алдында қойылған негізгі міндет учаскелік комиссияның қызметін цифрландыру болып табылады.
АӘК тағайындау кезінде учаскелік комиссиялар отбасының материалдық жағдайына жүргізілген тексеру негізінде АӘК көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады. Бүгінгі таңда бұл зерттеу қағаз түрінде жүргізіледі және қол қою үшін ұйымдастырушылық шараларды қажет етеді.
Осылайша, тексеру жүргізу кезінде формальды тәсілді болдырмау және автоматтандыру мақсатында учаскелік комиссиялар үшін FSM Social мобильдік қосымшасы әзірленді.
Мобильді қосымшаны пайдалану кезінде учаскелік комиссияның мүшесі отбасының материалдық жағдайы бойынша барлық деректерді оған енгізеді, алдын ала қорытынды шығарады және учаскелік комиссияның басқа мүшелеріне қол қоюға жібереді.
Мобильді қосымшаны енгізудің артықшылығы:
- геолокацияны анықтау (өтініш берушінің нақты географиялық орны);
- жедел шешім қабылдау және қорытынды шығару рәсімін оңайлату;
- зерттеу жүргізу және шешім шығару кезінде формальды тәсілді алып тастау.
Сондай-ақ, ағымдағы жылғы 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы нақты мұқтаж азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Осы тапсырманы орындау үшін Әлеуметтік кодекске түзетулер әзірленді, олар Үкіметтің қарауына жіберілді.
АӘК тағайындау кезінде АӘК тағайындау қажеттілігін айқындау өлшем шарттарын толықтыру ұсынылады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘК-ке үміткер адамдардың келісімін ала отырып, азаматтардың шығыстарын есепке алу тетігін сынақтан өткізу пилоттық жобасын іске қосу жоспарлануда.
Өтініш беруші АӘК алу үшін уәкілетті органға жүгініп, пилоттық жобаға қатысуға өтініш береді. Осыдан кейін өтініш берушінің отбасы құрамына кіретін барлық кәмелетке толған адамдарға жеке телефон нөмірлеріне 1414 нөмірінен sms-хабарлама жіберіледі, оған олар бір жұмыс күні ішінде жауап беруге тиіс.
Ақпарат алу өтініш берушінің келісімі бойынша және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылатының айта кету керек.
Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -