Қазақстан мен Мысыр арасындағы саяси консультациялардың тоғызыншы раунды туралы
Астана, 2025 жылғы 19 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен Мысыр Сыртқы істер министрінің Азия, Тынық мұхит өңірі және Жаңа Зеландия жөніндегі орынбасары Ахмед Шахиннің төрағалығымен Қазақстан-Мысыр саяси консультациялардың тоғызыншы раунды өтті.
Консультациялар барысында тараптар Астана мен Каир арасындағы ынтымақтастықтың оң қарқынын жоғары бағалап, достық пен өзара тиімді серіктестік қағидаттарына негізделген екіжақты қарым-қатынастардың елеулі әлеуетін атап өтті.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылып, соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы жоғарылағаны аталды. Бұл тұста сауда көлемін кеңейту, экспорттық-импорттық әлеуеті туралы ақпарат алмасу, өзара инвестициялардың көлемін ынталандыру бойынша алдағы қадамдар талқыланды.
«2024 жылы Қазақстан мен Мысыр арасындағы тауар айналымы 70%-ға өсіп, 274 млн долларды құрады. Бұл көрсеткіштерге қарамастан, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту және нығайту үшін айтарлықтай әлеует бар», – деп қазақ дипломаты атап өтті.
Осы тұрғыда екі елдің іскер топтары арасында тікелей байланыстарды орнату және көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, минералдық ресурстар, фармацевтика, IT-технологиялар және басқа да өзара мүдделі салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан-Мысыр Іскерлік кеңесінің қызметін жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен бірге сұхбаттастар осы жылы Астанада өтуі жоспарланған Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Мысыр үкіметаралық комиссиясының алтыншы бірлескен отырысы шеңберінде ықпалдастықты кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Бұған қоса екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында тараптар сапарлармен алмасу тәжірибесін жалғастыру және екі ел арасындағы шарттық-құқықтық базаны кеңейту ниетін растады, сондай-ақ биік және жоғары деңгейдегі алдағы іс-шаралардың күн тәртібін қарастырды.
Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, оның ішінде Қазақстан мен Мысырдың әртүрлі алаңдарда БҰҰ, АҚИҰ, БРИКС, ШЫҰ және АӨСШК ұйымдар аясындағы ықпалдастықты белсендіруге келісті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты консультацияларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін атап өтіп, сыртқы істер министрліктері арасында тығыз диалогты жалғастыруға келісті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -