ҚАЗАҚСТАН-НЕМІС ИНСТИТУТЫ СУТЕГІ ЭНЕРГЕТИКАСЫ БОЙЫНША МАМАНДАР ДАЯРЛАУДЫ БАСТАЙДЫ
Yessenov University қабырғасында «Aktanten» жобасы аясында Германияның жетекші жоғары оқу орындарының профессорларымен кездесу өтті. Жобаның негізгі мақсаты – энергетика және логистика бағыттары бойынша магистратуралық бағдарламалар әзірлеп, докторантура аясында ғылыми зерттеулерді дамыту.
Аталған жоба Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты (KINI) және Yessenov University базасында жүзеге асырылып, HAW Hamburg, TU Berlin және TU Darmstadt сияқты беделді неміс жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық аясында әзірленуде. Жоба аясында неміс профессорлары, отандық ғалымдар және сарапшылар бірлесе отырып, білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға атсалысуда. Берлин техника университетінің профессоры Ханс-Людгер Динелдің айтуынша, «Aktanten» жобасы аясында екі магистрлік оқу бағдарламасы көзделген.
«Негізгі мақсат – энергияны сутегінен алуды және оны тасымалдауды білетін мамандарды дайындау. Сондықтан осы екі оқу бағдарламасына студенттер қабылдаймыз. Мамандарды Yessenov University базасындағы Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтында дайындайтын боламыз», – дейді профессор.
Шетелдік ғалымдар теңіз операцияларында тиімді пайдалану және энергия үнемдеу технологиялары арқылы Каспий теңізінің қазақстандық секторында экономикалық тиімділіктің технологиялық дамуын, теңіз инфрақұрылымын және теңіз операцияларын басқаруды зерттеу жөніндегі мегажобаны талқылайды.
Yessenov University президенті Берік Ахметовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған KINI білім берумен қатар, ғылыммен айналысып, өңірдің дамуына ықпал ететін мәселелерді қарастырады. Бұл жоба – Қазақстанның тұрақты энергетика және логистика саласындағы жетекші ғылыми-білім беру орталығын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Студенттерге Германиядағы жетекші университеттерде тағылымдамадан өту мүмкіндігі, халықаралық ғылыми қауымдастықпен байланыс орнату және жаңа инновациялық зерттеулерге қатысу ұсынылады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -