Балаларды қорғау күнінде оқушылар экскурсияға аттанды
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев Талдықорған қаласының орталық алаңына 1 Маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай "Қош келдің, жаз-2024" атты жазғы демалыс маусымының басталу салтанатына қатысып, құттықтау тілегін жеткізді. Осы күні аз қамтылған отбасынан шыққан 250-ге тарта оқушыны өңіріміздегі көрнекті орындарға экскурсиялық сапарға шығарып салды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өз құттықтау сөзінде балаларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отырғанын айтқан Марлен Көлбаев облыста оқушылардың жазғы демалысының ұйымдастырылу жайына да қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл жазғы демалыс шараларына 102 мыңнан астам бала қатысады. Олар мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде демалып, түрлі танымдық, интеллектуалдық, сауықтыру бағдарламаларына тартылмақ.
Осы күні аз қамтылған отбасынан шыққан талдықорғандық 250 оқушы 4 бағыт бойынша сапарға аттанды. Атап айтқанда, балалар Кербұлақ ауданында ағартушы ғалым Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалды мұражайын, Үштөбе қаласында былтыр ашылған Қаратал өлкетану мұражайын, Ақсу ауданындағы Ақын Сара мұражайын тамашалап, табиғат кереметі Тамшыбұлақпен танысады. Сондай-ақ осы Талдықорған қаласындағы Мұхаметжан Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайына, Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұражайына экскурсиялар жасайды. Мұндай танымдық экскурсиялар жаз бойы жалғасып, оған облыстың барлық аудан-қалаларындағы оқушылар қатысатын болады.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -