Депутаттар былтырғы бюджет қаржысын игеру мәселесі талқыланды
Бүгін облыстық мәслихаттың кезекті он үшінші сессиясында 2023 жылғы облыстық бюджеттің атқарылу мәселесі қаралды.
Сессияға облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Отырыста алдымен облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев өткен жылғы бюджеттің атқарылуы жайында баяндап берді. Оның сөзінше, былтыр облыстық бюджет түсімі 474,2 млрд.теңге көлемінде жоспарланған. Дегенмен түсім көлемі 504,9 млрд.теңгеге жеткен. 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылғы облыстық бюджеттің түсімі республикалық бюджет трансферттері және жеке кірістердің артық түсуі есебінен 103,8 млрд.теңгеге (25,9%) артқан.
Жиында облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Кенжин өткен жыл ішіндегі бюджеттің атқарылуын бақылау нәтижелері туралы таныстырды. 2023 жылға арналған облыстық бюджет нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес бекітілген. Есепті жыл ішінде облыстық бюджет 4 рет нақтыланып, 25 рет түзетіліпті.
Өз кезегінде мәслихат депутаттары баяндамашыларға өз сауалдарын қойып, Қарғалы қалалық ауруханасындағы құрал-жабдықтардың ескіруі, квазисекторлық мекемелердің жұмысын бақылауға алу, төтенше жағдай кезінде бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы, жылыту маусымына дайындық, су тасқынынан зардап шеккендерді арнайы бағдарламалар аясында тұрғын үймен қамту, Ақтөбе медициналық орталығына жөндеу жұмыстарын жүргізу, Темір ауданындағы елді мекендерде қорғаныс бекеттерін салу, мәдени-көпшілік шараларды қысқарту, т.б. мәселелерді көтерді.
Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров бюджет қаржысын тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталып, бұл мәселеге барлық басшы жауапкершілікпен қарауы керектігін атап өтті.
«Бүгінгі сессияда көп мәселе қаралды. Қазіргідей қиын кезеңде біз үшін бюджет қаржысын тиімді жұмсап, барынша үнемдеу өте маңызды. Біз су тасқыны салдарын жоюға республикалық бюджеттен қаржы сұрап отырмыз. Бұл бағытта өзіміздің қазынадан да қаржы қарастырылады. Ең бастысы, әлеуметтік нысандарды қалыпқа келтіруде, тұрғындарды баспанамен қамтуда қарқынды жұмыстар жүргізуіміз керек. Бұл орайда 1 маусымда су тасқынынан зардап шеккендерге 30-дан астам пәтер беріледі. Әрі қарай 15 маусымда тағы да қала тұрғындарына пәтер кілттері табысталады. Аудандарда да тұрғындар баспанамен қамтылады. Барлық жұмыстар заң аясында, комиссияның шешімі негізінде жүзеге асырылады. Біздің мақсатымыз — Президент тапсырмасын ойдағыдай орындау, халыққа жағдай жасау.
Сондай-ақ бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі — өрт оқиғаларының алдын алу. Бұл орайда мекемелерге лизинг арқылы өрт сөндіру техникалары сатып алынады. Шегірткеге қарсы жұмыстарды да жандандыруымыз керек. Бұл бағытта да қаржы бөлінеді. Қазір біз 11 ұшақ дайындап қойдық. Жауапты мекемелер жұмылып, бірлесе жұмыс істеңіздер», — деді Асхат Шахаров.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -