Елордада энергетиктер әулеті саланы дамыту жолында ондаған жылдар бойы еңбек етіп келеді
Қазақстан Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Дәл осы мамандардың алдында тұтас қалалардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету бойынша жауапты міндеті тұр. Бұл кәсіптің үлгілі өкілдері – энергетика жолын таңдаған елордалық Мұсайыловтар отбасы, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Мұсайыловтар әулеті – елорданың энергетика саласының дамуына үлес қосып жүрген үлгі тұтар еңбек әулеті. Отбасы мүшелері өздерінің білімі мен тәжірибесін қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жұмсап жүр. Олар өз жұмысында сапа мен сенімділіктің жоғары деңгейін сақтай отырып, қоғам игілігі үшін жұмыс істеуді жалғастыруда.
Отағасы Қайрат Мұсайылов 35 жылдан бері энергетика саласында еңбек етіп келеді. Ол жедел-көшпелі қызметтің электромонтері, қызметі үшін «ҚЭА құрметті энергетик» атағымен және «ГОЭЛРО-ға 100 жыл» медалімен марапатталған. Оның табандылығы мен кәсібилігі өзгелерге қашанда үлгі болды.
Қайраттың жары Аягөз Слямова 24 жылын энергетика саласына арнады. Қазір ол диспетчерлік оператор болып жұмыс істейді. Оның еңбекқорлығы мен қамқорлығы эстафетаны ары қарай қызының жалғауына себеп болған.
23 жастағы Адия Мұсайылова жақында «Электротехникалық инженерия» мамандығы бойынша жоғары білім алды және бір жылдан бері «Астана-АЭК» АҚ-да электр желілеріне қол жеткізу қызметінің екінші санатты технигі лауазымында жұмыс істейді. Бойжеткен өз кәсібімен дөңгелетіп қана қоймай, отбасының еңбек жолын жалғастырып жүргенін мақтан тұтады.
Оның екі ағасы Нұржан мен Нұрлан Мұсайыловтар да энергетика саласында қызмет етеді.
Нұржан Мұсайылов 26 жылын энергетика саласына арнап, кабельдік желілерді жөндеу және монтаждау жөніндегі электромонтер мамандығы бойынша жоғары 6-разрядқа қол жеткізді.
Нұрлан Мұсайылов та 22 жылдан бері кабель желілерін жөндеп, монтаждаушы электрик болып жұмыс істейді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -