Көкпар мен асықты енді Роботтар ойнайды: Қарағандыда ұлттық нақыштағы робототехника дамып келеді
Қарағандыда "ҰЛЫ ДАЛА ОЙЫНДАРЫ – 2024" робототехника бойынша қалалық чемпионат өтті. Бұл жолы қазақтың ұлттық ойындарын дәріптейтін ұлттық нақыштағы Роботтар пайда болды.
Жарыс 8 санат бойынша өтті: Бұл "Қыз қуу", "Асық ату", "Көкпар", "Жамбы ату", "Бәйгі", "Теңге алу", "Ханталапай", "Арқан тарту".
Чемпионатқа 40 мектептен 74 команда қатысты.
Чемпионат Пришахтинск шағын ауданындағы 33-ші мектеп базасында өтті.
Білім ошағына кіре берістен мереке атмосферасы сезілді. Қатысушылар мен қонақтарды домбырашылардан құралған оркестор қарсы алды.
Технология мұғалімінің жетекшілігімен мектеп оқушылары тіккен ұлттық киімдермен модельдер дефилеге шықты.
Ұлттық ойындар ойнап, шеберлік сыныбында киізден өрнек жасауға мүмкіндік болды.
Ашылу салтанаты әсерлі өтті. Кішкентай балалар патриоттық флешмоб ұйымдастырды.
– Ұлы дала құндылықтары – біздің қоғамды біріктіреді. Бұл жарыс қазақ мәдениеті мен дәстүрін заманауи технологияларын ұштастырып отыр. Оқушылар үшін танымдық және қызықты, - дейді Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім. – Қарағанды қаласының мектептерінде техникалық шығармашылыққа құмар оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Білім ордаларында робототехника кабинеттері бар. Үнемі жабдықтар жаңартылып отырады. Болашақ инженерлерге арналған көптеген үйірмелер, STEAM зертханалары қосымша білім беру деңгейінде жұмыс істейді.
Чемпионаттың алдында үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді, - деп атап өтті жарыстың басты ұйымдастырушысы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның робототехника пәнінің оқытушысы Әділбек Бердіходжаев.
Авторлық ережелер алдын-ала жазылып, арнайы ойын алаңдары жасалды.
– "Көкпар" санаты үшін электронды табло жасалды. Мұнда нағыз ойын атмосферасы сезіледі. Яғни онлайн режимінде барлық қатысушылар мен жанкүйерлер жарысқа куә бола алады. "Ханталапай" жаңа санаты: робот әртүрлі жерлерде шашыраңқы асықтарды жинауы керек. Тапсырма оңай емес-объектінің қай жерде екенін есептеуі тиіс. Қажетті сызықты жоғалтпау да маңызды, – деді Әділбек Бердіходжаев.
Сонымен қатар Әділбек Бердіходжаев ұлттық нақыштағы робототехника чемпионаты екінші мәрте ұйымдастырылғанын атап өтті. Болашақта дәстүрлі түрде, республикалық тіпті халықаралық деңгейде өткізгісі келетінін жасырмады.
Бірақ бұл үшін осы бағытты қолдайтын меценаттардың, демеушілердің көмегі қажет.
9-дан 16 жасқа дейінгі оқушылар роботтарды жинау және бағдарламалау дағдыларын көрсетті. Бұл сайыс талапкерлерге ұлттық ойындар әлемімен танысуға көмектесті.
– Мен робототехникамен айналысқаныма 2 жыл болды. Көкпар ойыны туралы жақсы мәлімет алдым. Бірақ мұнда бірінші барлық ерекшеліктерді түсініп алу керек. Алдымен Робот шабандозды жылдам жинап, содан кейін оны смартфондағы Bluetooth арқылы сауатты басқара алуың қажет, – деп бөлісті № 33 мектеп – бөбекжай кешенінің 6- сынып оқушысы Ярослав Землянский.
Жеңімпаздар кубок және медальдармен марапатталды. Тағы бір сыйлық-Аlihanrobotics онлайн орталығында тегін оқу мүмкіндігі.
"Ұлы дала ойындары" абсолютті чемпионы атағын Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның командасы жеңіп алды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -