Мұғалжар аудандық ауруханасында жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарды емдейтін орталық ашу жоспарлануда
Соңғы бес жылда ауданның медициналық мекемесі жаңа жабдықтармен толықтырылды, бұл медициналық қызметтердің сапасына айтарлықтай әсер етті.
Өңір басшысы Мұғалжар ауданына жұмыс сапары барысында аудандық ауруханаға барып, оның жұмысымен, алдағы жобаларымен және көрсетілетін қызметтердің сапасымен танысты.
Аурухананың бас дәрігері Сәбит Кеулімжаев медициналық мекеменің 1989 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Штатта 74 медицина қызметкері бар. Күніне 600-ге жуық адамға қызмет көрсетіледі. Аурухана 100 керуетке шақталған, сонымен қатар 30 орындық күндізгі стационар жұмыс істейді.
Соңғы бес жылда ауруханаға он арнайы көлік, оның ішінде төрт реанимобиль сатып алынды. Биылғы жылдың басында ауруларды диагностикалаудың дәлдігін едәуір арттыратын заманауи цифрлық маммограф алынды.
Пациенттер мен мейірбике қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға көп көңіл бөлінеді. Былтыр аурухана аумағын абаттандыру жұмыстары басталды. Жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 129 млн.теңге бөлінген. Жұмыстар жазға дейін аяқталады.
Сондай-ақ, ауруханаға қосымша құрылыс салу жобасы әзірленуде, онда тері арқылы коронарлық араласу орталығын ашу жоспарлануда. Бұл науқастарды облыс орталығына жібермей, жүрек-қан тамырлары ауруларын тиімді емдеуге мүмкіндік береді.
Асхат Шахаров жаңа жабдықтарды көріп, психологиялық көмек кабинетіне барып, дәрігерлердің қабылдауына келген аудан тұрғындарымен әңгімелесті. Ауыл тұрғындары елдімекенде денсаулық сақтауды дамыту және медициналық қызмет көрсету жағдайларын жақсартуға көңіл бөлініп жатқанына алғыстарын білдірді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдарда жаңа амбулаториялар салынуда, заманауи жабдықтар сатып алынуда және дәрігерлер мен пациенттер үшін жағдайлар жақсаруда. Қазір облыста ауылдық амбулаториялар салуға бағытталған бес жоба жүзеге асырылуда. Нысандар іске қосылса, халыққа медициналық қызмет көрсету қолжетімді болады. Бұл ауыл тұрғындары тұрғылықты жерінде ем ала алады деген сөз. Сонымен қатар, біз аудандық ауруханаларды заманауи цифрлық жабдықтармен жарақтандырамыз, осылайша халық үшін медициналық қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз етеміз. Инфаркт пен инсультке шалдыққан науқастарға көмек көрсету орталығын ашу жоспарлануда. Осы шаралардың барлығы сапалы медициналық қызмет алу жағдайларын жақсартуға және облыс тұрғындары үшін диагностиканың қолжетімділігін арттыруға бағытталған», - деді облыс әкімі.
Өңір басшысы ауруханаға жапсарлас құрылыс жобасын дайындауды жеделдетуді тапсырды және мердігерлерді аурухана аумағын абаттандыру жұмыстарын сапалы және мерзімінде аяқтауға шақырды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -