Мәдениет және өнер қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Бүгін Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясы үздік мәдениет мекемесі атанып, ұжымға автокөлік сыйға тартылды. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне жалпы он бес номинацияның жеңімпазы деп танылған үздік өнер ұжымдары мен озық мамандары марапатталды. Оларға марапатты салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сала қызметкерлерін құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев:
- Мәдениет – қоғамның рухани қозғаушы күші, халықтың ортақ игілігі. Кез келген ұлт ең алдымен өзінің төл тарихымен, дәстүр-салтымен, өркенді өнерімен әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі бола алады. Бұл орайда Жетісу сан ғасырлық тарихында өзінің бай мәдени мұрасымен мақтана алады. Осы рухани сабақтастықты үзбей, жаңа заманға сай дамыту үшін біз бұл салаға барынша қолдау көрсетіп келеміз, - деп өткен жылғы атқарылған іс-шаралар мен биылдың жоспарларына қысқаша тоқталды. Мәселен, көрнекті қайраткерлердің мерейтойлық жылдарының аясында суретші Әбілхан Қастеевтің 100 жылдығына орай Талдықорған қаласында бюсті орнатылмақ.
Осы жиында бірқатар қызметкерлерге Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төс белгілері, «Құрмет грамотасы берілді.
Сол сияқты жылдағы дәстүрге сай Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай арнайы номинациялар бойынша үздік деп танылған азаматтар, мәдениет мекемелер мен өнер ұжымдары марапатталды. Атап айтқанда, мәдениет үйі қызметкерлері арасынан әр аудан-қаладан жалпы 10 адам үздік деп танылды. Сондай-ақ «Үздік техникалық-жабдықтау қызметкері», «Үздік аспапшы», «Үздік дәстүрлі әнші», «Үздік әнші», «Үздік биші», «Үздік театр артисі», «Үздік музей қызметкері», «Үздік кітапхана қызметкері» номинацияларының жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Сонымен бірге «Үздік халық театры» атағын Көксу аудандық мәдениет үйінің Мұқыры халық театры, «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжым» аталымын «Алтын дән» халықтық ән-би ансамблі, «Үздік музей» атағын Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейі, «Үздік кітапхана» - Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, «Үздік мәдениет үйі» номинациясын Алакөл ауданы Қабанбай ауылдық мәдениет үйі жеңіп алды. Аталған номинациялардың барлығының жеңімпаздарына арнайы диплом мен 100 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ал Жетісу облысының «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» ретінде облыстық Д.Рақышев атындағы филармония танылып, оған жеңіл автокөліктің сертификаты берілді.
Марапат алғандардың ішінен "Үздік дәстүрлі әнші" атанған Бейбіт Мұсаев пен "Еңбек ардагері" төс белгісін иеленген Дина Нұрғалиева әріптестеріне ізгі тілектерін арнады.
Мереке соңы концерттік шараға ұласты.
Еске салсақ, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының биылғы бюджеті 15 млрд. теңгеге жуық. Бұл салада 2,1 мың адам еңбек етеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -