Маңғыстауда әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті
Ақтау қаласы мен Бейнеу кентінде өткен салтанатты рәсімде әскерге шақырылған 753 азамат Отанға адал болуға ант берді.
Олардың арасында теңіз бригадасының сарбаздары, материалдық-техникалық қамтамасыз ету базалары және барлау полкінің жауынгерлері болды.
Іс-шараға әскери бөлімдердің басшылығы, әскери прокуратура, сарбаздар аналары комитетінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, ауған жауынгерлері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың екі мыңнан астам туған-туыстары мен достары қатысты.
– Бүгін сендер әскери ант бердіңдер, осы кезден бастап сендерге Отан алдындағы жауапкершілік жүктеледі. Қызмет атқарған жылы сендер азаматтық өмірде де пайдалы болатын құнды дағдыларды үйренесіңдер. Берген антқа адал болып, абыроймен қызмет етіңдер, – деді "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Бегімбет Тәжібаев жас сарбаздарға арнаған сөзінде.
Сарбаздардың ата-аналары да бір айда ұлдарын әскер мектебі қалай өзгерткенін айтып жатты.
– Біз сендерді мақтан тұтамыз және нағыз ел қорғаны дейміз. Әскердегі қызмет сендердің жеке өсулерің үшін ғана емес, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де маңызды, – деп атап өтті Павлодар облысынан келген қатардағы жауынгер Қайыржан Ақтоғайдың анасы Әсем Рамазанова.
Әскердегі қызметтің қалай өтіп жатқаны жайлы Абай облысынан шақырылған қатардағы жауынгер Алмас Дәулетбек былай деді:
– Теңіз жаяу әскерінде қызмет етемін. Мұндай абыройлы әскерде борышымды өтеу – үлкен мәртебе. Командирлердің сенімі мен туыстарымның үмітін ақтауға тырысамын. Елді қорғау үшін бәріне дайынбыз. Біз үшін елдің еркін, қуатты болуы және өркендеуі маңызды, – деді ол.
Ресми бөлімнен кейін қонақтарға теңіз жаяу әскерлерінің көрсетілімдері, қару-жарақ пен әскери техниканың көрмесі және әскери бөлім бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Келушілерге оқу сабақтары, казарма, асхана және спорт залы көрсетілді. Сарбаздардың ата-аналары да өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға командирлермен кездесіп, жауап алды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -