«МАЭК» ЖШС аумағында тәулігіне 6 мың текшеметр су тұшытатын қондырғы іске қосылды
Ақтау қаласында жазғы уақыттағы су тапшылығын азайту мақсатында жоспарланған жұмыстар қарқынды жүруде. Алдағы тамыз айына дейін қос жобаны аяқтау көзделіп отыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 000 текшеметрден 40 000 текшеметрге дейін ұлғайту» жобасы бітуге жақын. Құрылыс монтаж жұмыстары 95% аяқталды. Бүгінгі күні техникалық жабдықтар кедендік рәсімдерден өтіп, зауытқа жеткізілді.
Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының мәлімдеуінше, тамыз айында облыс тұрғындарына ауызсу беріле бастайды.
- Шілде айының соңына дейін монтаж жұмыстарын толық аяқтап, ал тамыз айында іске қосу жоспарланып отыр. Осы орайда, облыс тұрғындарын келтірілген қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, сабырлық танытуды сұраймыз, - деді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы Мұхамед Жүсіп.
Сондай-ақ, бүгін «МАЭК» ЖШС ОСЖТ-2 (екінші орталық сумен жабдықтау торабы) аумағында тәулігіне 6 000 текшеметр су тұшытатын қондырғылары іске қосылды.
Аталған қондырғыларды сатып алу үшін 2023 жылы «ЖанСу 362» ЖШС-мен шарт жасауға облыс бюджетінен қаржы бөлінген еді.
- Тұщыландыруға арналған бастапқы су - Құйылыс-Меловое кен орнынан шығатын жерасты суы. Қазір монтаж жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Жақын күндері қала тұрғындарына тәулігіне 6000 текшеметр көлемінде ауызсу қосымша беріледі,- деді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы Мұхамед Жүсіп.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -