Майдангер Зұлхарнай Сейітов 102 жасын атап өтті
Алматыда Алмалы ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының әскери қызметшілері және Қарулы күштердің ардагерлері академик Зұлхарнай Сейітовке барды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан белгілі ғалым Зұлхарнай Сейітовты туған күнімен құттықтаған әскерилер ақсақалға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасына амандық тіледі. – Зұлхарнай Сейітов – бүгінгі күннің аңыз адамы, Отанға шынайы қызмет еткен тұлға, өр рухтың, елге деген сарқылмас сүйіспеншіліктің және ғылымға деген адалдықтың үлгісі, – деді «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚБ қалалық филиалы төрағасының орынбасары, отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин. З. Сейітов 1922 жылы 27 желтоқсанда Ресейдің Омбы облысындағы Жаңа Қыпшақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылы ол жерден Қызыл әскер қатарына алынған. Сталинградтан Беларусь және Польша арқылы Германияға дейін соғысқан. Берлинге шабуыл жасауға, Потсдамск сарайын минадан тазартуға қатысты. Майдангер Қызыл Жұлдыз орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Соғыстан кейін ол Омбы ауылшаруашылық институтын бітіріп, ата-бабасының туған жері Қазақстанға жұмыс істеуге келеді. Қазақстан-Ресей медициналық университеті молекулярлық биология кафедрасының профессоры Зұлхарнай Сейітов 150-ден астам ғылыми жұмыстар мен монографиялардың, 10 оқу құралының, оның ішінде биохимия бойынша 14 патент пен сегіз авторлық куәліктің иегері ретінде танымал. Биология ғылымдарының докторы Зұлхарнай Сейітовтың көптеген әзірлемелері мен жаңалықтары бүгінде медицинада да, тамақ өнеркәсібінде де қолданылады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -