Облыс жолдарына 200 тонна дизель отыны және 6 мың тоннаға жуық инертті материал пайдаланылды
Өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжіліс барысында жолдарды қысқы күтіп-ұстау және тас жолдарда қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр өңірдегі автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстауға 46 кәсіпорын жауапты екенін айтты. Олар 505 бірлік техника дайындап, оның ішінде 104 арнайы техника ұзындығы 1 869 шақырым республикалық маңызы бар жолдарға қызмет көрсетеді.
38,6 мың тонна инертті материалдар, 2,9 мың тонна дизель отыны дайындалды. Бүгінгі күні облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына 200 тонна дизель отыны және 6 мың тоннаға жуық инертті материалдар пайдаланылды.
«Жолдарды тазарту және тұз себу жұмыстарын мердігер ұйымдар үнемі жүргізіп отырады, оған тұрақты бақылау орнатылған. Жыл басынан бері республикалық трассаларда алты рет шектеу енгізілді. Қазіргі уақытта барлық бағыт бойынша жол ашық. Алайда, ауа-райының нашарлауы және трассалардағы қозғалыстың жабылуы жағдайында бізде төсек-орындары жабдықталған 15 жылыту пункті дайын. Бұл жылыту пункттері жол бойында орналасқан. Қолайлы жағдай жасау үшін Хромтау және Әйтеке би аудандарымен өтетін «Самара-Шымкент» автожолында айналма жолдар салынды», - деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі мердігер ұйымдардың жұмыстарын орындау сапасын бақылауды күшейтуді, жолдарды қар мен мұздан үнемі тазалауды, сондай-ақ көктайғақтың пайда болуын болдырмау үшін оларға инертті материалдарды уақытылы себуді тапсырды. Сондай-ақ, қолайсыз ауа-райы жағдайында тәулік бойы мониторинг жүргізіліп, кептелістер мен ЖКО алдын-алу, техника мен жеке құрамды жұмылдыруды қоса алғанда, жол қызметтері мен құтқару бөлімшелерінің шұғыл әрекет ету дайындығын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -