Павлодарда әскери қызметшілер соғыс ардагерін ғасыр тойымен құттықтады
Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері 25 қазанда 100 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Поддубныйды құттықтап барды.
Әскери қызметшілер майдангерге Қорғаныс министрлігі мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшылығының атынан алғыс хаттар табыс етті.
Николай Поддубный 1942 жылы қолөнер мектебін бітірген соң әскерге шақырылды. Омбы қаласындағы танк мектебінде оқып, 1943 жылы майданға аттанды. Солтүстік-батыс және Украина майдандарында соғысты. Жеке атқыштар батальоны құрамында диверсант қызметін атқарды. Ол фашистердің әскери техникасы мен қару-жарағын жоюға қатысты.
Бірнеше рет жау тылына жасырын кіріп, жанар-жағармай және басқа да мүліктер сақталған қоймаларды жойды. Жаудың инфрақұрылымына үлкен зиян келтіре отырып, неміс-фашист басқыншыларын жеңуге өз үлесін қосты.
Жеңісті Германияның Баутцен қаласында қарсы алды. 1946 жылы запасқа шығарылып, Новосибирск қаласына оралды. Онда қалайы комбинатында жұмыс істеді.
Зейнетке шыққаннан кейін Павлодарға көшіп келді. Николай Григорьевич отыз жыл бойы аймақ жастарын әскери-патриоттық тәрбиелеуге белсенді қатысты.
Майдангер Николай Поддубный Отан соғысы орденімен, "Ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін", "Маршал Жуков" медальдарымен және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -