QYZPU-ДА ЗАМАНАУИ ЗЕРТХАНАЛАР МЕН ДӘРІСХАНАЛАР АШЫЛДЫ
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ғылыми және білім беру мүмкіндіктерін ұсынатын физика зертханалары, биология білім беру кабинеті, сондай-ақ профессор Абдулла Мырзабайұлы мен Әлім Бірмағамбетов атындағы дәрісханалардың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа зертханалар мен дәрісханалар заманауи құралдармен жабдықталған.
Бұл шараға университет басшылығы, профессорлар, оқытушылар, студенттер және басқа да арнайы қонақтар қатысты. Физика-математика және цифрлық технологиялар институтында алты жаңа зертхананың ашылуы университеттің ғылыми жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, PASCO құралдарымен жабдықталған «Интерактивті сынып» зертханасы физиканың жалпы курсын тереңдетіп оқытуға арналған. Бұл зертхана студенттерге физикалық заңдылықтарды түсінуге көмектесіп, олардың ғылыми ойлау қабілетін дамытады. PHYWE құралдарымен жабдықталған «Интерактивті сынып» зертханасы – физиканың жалпы курсын тереңдетіп оқытуға арналған, сондай-ақ физика бойынша демонстрациялық эксперименттер мен фронтальды зертханалық жұмыстарды жүргізу техникасын меңгеруге мүмкіндік береді.
Электромагниттік құбылыстарды зерттеуге арналған электр және магнетизм зертханасы студенттерге электр тізбегін құрастыру мен дұрыс пайдалану арқылы физикалық принциптерді түсінуді үйретеді. Оптика зертханасы жарықтың табиғатын, таралуын және оның затпен әсерлесу құбылыстарын зерттейді. Молекулалық физика және термодинамика зертханасы молекулалық физика мен термодинамика теорияларын зерттеу және молекулалардың қозғалысын түсіну үшін арналған. Мектеп физикасының пәндік зертханасы болашақ физика мұғалімдеріне зертханалық жұмыстар мен эксперименттер жүргізудің техникасын үйретуге арналған.
Жаратылыстану институтының Биология білім беру кабинетінде зерттеулер мен тәжірибелер жүргізу үшін қажетті құралдар бар. Кабинетте студенттер биологиядан терең білім алып, практикалық дағдыларын жетілдіреді. Ал Әлім Бірмағамбетов атындағы география дәрісханасы және Абдулла Мырзабайұлы атындағы химия дәрісханасы ғалымдардың ғылым мен білім саласына қосқан зор үлестерін дәріптеу мақсатында ашылды. Олардың еңбектері мен ғылым жолындағы жетістіктері арнайы QR кодқа қойылған.
Абдулла Мырзабайұлы – химияны оқыту әдістемесін дамытуға үлкен үлес қосқан ғалым. Ғалым-ұстаздың атымен аталатын дәрісхана студенттерге химиядан терең білім мен тәжірибелік дағдыларды меңгеруге көмектеседі.
Ашылған зертханалар мен кабинеттер білім алушылардың болашақта жоғары кәсіби құзыреттерге ие мамандар болып қалыптасуына зор әсерін тигізетіні сөзсіз. Олар жаңа білім мен тәжірибеге ұмтылған әрбір студенттің кәсіби жолында маңызды рөл атқарады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -