ҚР ОСК Төрағасы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің студенттері және елорда жастарымен кездесті
Дүниежүзілік сайлау күні аясында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесу өткізді, онда елорданың 500-ден астам жас сайлаушылары мен жастар ұйымдарының көшбасшылары жиналды.
Кездесуге Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, сондай-ақ ОСК жанындағы Сараптамалық кеңестің, Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының, Жас сайлаушылар клубының өкілдері және Астана қаласы мен елордалық аудандардың аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Нұрлан Әбдіров жастарға Орталық сайлау комиссиясының стратегиялық дамуы туралы айтып берді. Комиссияның негізгі құндылықтары – азамат, әділдік, демократия және сенім, ал қағидаттары болып заңның үстемдігі, тәуелсіздік, ашықтық, инклюзивтілік, алқалылық және кәсібилік табылады.
Нұрлан Әбдіров жас сайлаушыларға ОСК бастамасымен сайлау тақырыбы бойынша үш тілде жарияланған ғылыми басылымдарды, атап айтқанда, ауқымды ғылыми еңбек – «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына 30 жыл. Қазақстан Республикасының сайлау жүйесін трансформациялау» деп аталатын елдің сайлау жүйесінің дамуы туралы Монографиянымен, 2012-2023 жылдар аралығында өткізілген сайлау және референдумдар туралы ақпараттық жинақпен, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына арналған «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағымен және екі тілде жарияланған «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңға түсініктемені таныстырды.
Сөз сөйлеу барысында Нұрлан Әбдіров ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің қызметіне ерекше тоқталды, онда сайлау процесінің өзекті мәселелері, оның ішінде халықаралық миссиялардың байқау қорытындылары мен сайлау заңнамасындағы өзгерістер үнемі талқыланады.
Төраға сондай-ақ өңірлермен тікелей диалогтың маңыздылығына назар аударды, атап айтқанда ол: «2022 жылғы референдум алдында мен еліміздің барлық өңірлерінде халықпен, партиялармен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, журналистермен және блогерлермен 70-тен астам кездесу өткіздім. Азаматтардың басты сұранысы - партияны ғана емес, нақты тұлғаларды да сайлауға мүмкіндік беретін мажоритарлық жүйені қайтару болды.
2022 жылғы конституциялық реформаның нәтижесінде аралас сайлау жүйесі енгізілді: Мәжіліс депутаттарының 70%-ы партиялық тізімдер бойынша, 30%-ы бірмандаттық округтер бойынша сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында арақатынас 50/50 құрайды, ал аудандық мәслихаттардың барлық депутаттары тек бірмандаттық округтер бойынша сайланады. Осылайша, елдің депутаттық корпусының 90%-дан астамы – бұл халық тікелей сайлаған нақты тұлғалар», - деп атап өтті.
Ол елдегі реформалардың нәтижесінде қазір әкімдердің 90%-дан астамын (шамамен 2 500 әкім) халық тікелей сайлайтынын атап өтті. Процесс 2021 жылы басталды, осы уақытқа дейін ауылдардың, ауылдық округтердің, кенттердің және аудандық маңызы бар қалалардың 94% әкімдері сайланды. Қалған 6% ағымдағы жылы сайланады.
Кездесу интерактивті сұрақ-жауап сессиясымен жалғасты, онда студенттер өткір және өзекті сұрақтар қоя отырып, талқылауға белсенді қатысты.
Мәселен, тарих факультетінің студенті Жан әкімдерді сайлау мәселелеріне қызығушылық танытса, ҚР ОСК жанындағы Жас сайлаушылар клубының мүшесі Әмірлан Нұрғазин әдістемелік ұсынымдар ретінде әкімнің жұмысы туралы нұсқаулар жинағын жасауды ұсынды. Сәулет-құрылыс факультетінің студенті Әліби сайлау үдерісіне жаңа технологияларды енгізу туралы сұрады. Физика-техникалық факультетінен Диарбек сайлау саласындағы қазіргі әлемдік үрдістерге қызығушылық танытты. Қазақстан студенттері альянсының төрағасы Ұлан Нәукен студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарында сайлауды енгізу жоспарын жариялап, Орталық сайлау комиссиясынан әдістемелік қолдау сұрады.
Қазақ филологиясы факультетінің студенті Мадина шетелде дауыс беру күні сайлау учаскелерінде БАҚ өкілдерінің құқықтарына қатысты сұрақ қойды. Заң факультетінің студенті Серікбай Қуаныш өткен жылғы сайлаудың қорытындысы мен келешегі туралы айтуды өтінді. Экономика факультетінің студенті Мұхтар Аслан электронды дауыс беру мүмкіндігі туралы сұрады.
Орталық сайлау комиссиясының басшысы талқылауға белсене қатысқан барлық жастарға Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына орай шығарылған басылымдардың даналарын табыс етті.
Кездесу барысында 400-ден астам студенттер мен жастар белсенді қатысқан өзекті сайлау мәселелері бойынша дәстүрлі онлайн сауалнама үлкен қызығушылық тудырды. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, респонденттердің 52,9%-ы азаматтар сайлау мен референдумға дауыс беру азаматтық борышы деп санайды. Респонденттердің 44,4%-ы сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар сайлауда және референдумда дауыс бермеуі керек, ал 47,3%-ы қылмыс жасағаны үшін сотпен кінәлі деп танылған және бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың дауыс беруге құқығы жоқ екенін атап өтті.
Жастардың басым көпшілігі (89,9%) президенттікке кандидатқа қазақ тілін білуі бойынша лингвистикалық емтихан тапсыруы керек деп санайды. Сауалнамаға қатысқандардың 72,5%-ы президенттікке кандидаттарға елде, ал Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайлау округінде тұру мерзімі бойынша қойылатын қазіргі кездегі талаптарды қолдайды. Қатысушылардың жартысына жуығы (45,4%) толтырылған бюллетеньмен суретке түсіруге (селфи) тыйым салуды енгізу қажет деп санайды, 39,9%-ы сайлау мен референдумдарда заң бұзушылықтар мен манипуляциялар себебінен интернет арқылы дауыс бермейтінін айтты.
Дүниежүзілік сайлау күні шеңберінде еліміз бойынша барлығы 82 мыңнан астам адамды қамтыған 1 900-ден астам пікірталас және интерактивті іс-шаралар өткізілді.
Іс - шаралардың басты мақсаты-жастардың құқықтық және сайлау мәдениетін арттыру, сайлауға жауапкершілікпен қарауды және сайлау институтына деген сенімді қалыптастыру.
Іс-шаралар әр түрлі форматта өткізілді, олар мектеп оқушыларымен және студенттермен кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинарлар, саяси партиялардың, ҮЕҰ, мәслихат депутаттарының, студенттер мен докторанттардың қатысуымен өткізілетін форумдар, мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының дәрістері, мектеп оқушылары арасындағы үздік эссе, үздік сурет, үздік бейнероликке тақырыптық байқаулар, іскерлік ойындар, жоғары сынып оқушылары арасындағы олимпиадалар, тақырыптық көрмелер, сондай-ақ басқа да іс-шаралар.
Пікірталас пен интерактивті іс-шаралардың негізгі тақырыптары: «Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі дамуының эволюциясы және қазіргі заманғы тенденциялары», «Құқықтық және демократиялық мемлекетті қалыптастырудағы сайлаудың рөлі», «Сайлау және сайлану құқығы», «Мен болашақ сайлаушымын», «Әркімнің дауысы маңызды», «Жай ғана сайлау туралы», «Бүгінгі сайлау – ертеңгі тарих», «Жастар мен сайлау», «Мен болашақ кандидатпын» және т.б.
Мысалы, Оралда Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-де «Сенің дауысың маңызды!» атты облыстық жас сайлаушылар форумы өтті. Оған 600-ден астам студенттер, саяси партиялар филиалдарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және мәслихат депутаттары қатысты.
Алматыда мектеп оқушылары арасында «Мектептің өзін-өзі басқарудың үздік сайлау жүйесі» II қалалық байқауы өтті. Байқаудың мақсаты: мектептік өзін-өзі басқарудың ең тиімді сайлау жүйесі бар мектепті анықтау, оқушылардың құқықтық сауаттылығын және Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасының және сайлау жүйесінің ерекшеліктері туралы хабардарлығын арттыру.
Түркістан облысында Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінде Дүниежүзілік сайлау күніне арналған форум ұйымдастырылды. Іс-шараға облыстық, қалалық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -