Сандықтау ауданында әлеуметтік осал топтар үшін алғашқы үй сатып алынды
Ақмола облысында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру жалғасуда. Өткен жылы облыстың 10 өңірінде 850 пәтер сатып алынды. Биыл 1000-нан астам жаңа пәтердің кілтін тапсыру жоспарлануда. Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үйге қойылатын негізгі талаптар – жоғары сапа, жақсы жөндеу жұмыстары, сондай-ақ мектеп пен басқа да әлеуметтік нысандардың жақын орналасуы.
Аудан әкімдігінің қаражаты есебінен сатып алынған жаңа пәтерлердің иегерлері әлеуметтік осал топқа жататын 16 отбасы болды. Көпбалалы отбасылар, жетім балалар және қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар Балкашино кентінен баспана алды. Әрбір пәтер кең асүймен, жайлы жатын бөлмелермен және жылы атмосфера қалыптастыратын жоғары сапалы әрлеу материалдарымен жабдықталған.
Пәтер кілттерін табыстау барысында Сандықтау ауданының әкімі Серік Құдабай қолайлы тұрғын үйдің болуы азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың басты көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бүгінде мемлекеттік саясат халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл бастаманың әлеуметтік осал азаматтарға, жетім балалар мен көпбалалы отбасыларға – қолдауға аса мұқтаж жандарға көмек көрсетуге арналуы ерекше қуантады», — деп атап өтті аудан әкімі.
Құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, таза әрлеуі бар 16 пәтерлі тұрғын үй жарты жыл ішінде салынған. Құрылыста қазақстандық өндірістің, соның ішінде Көкшетау кірпіш зауытының материалдары қолданылды.
Александра Гречихина өз баспанасын бес жылдан астам уақыт күткен. Пәтер кілтін алу оның өміріндегі маңызды оқиға болды.
«Бүгін мен және отбасым үшін қуанышты күн. Біз екі бөлмелі пәтер алдық. Ел Президентіне тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешкені үшін алғысымды білдіремін. Енді біз өз үйімізде тұрамыз», — деп өз қуанышымен бөлісті А. Гречихина.
Пәтер иелерінің бірі – көпбалалы ана Олеся Шаталова.
«Менің отбасым үшін бұл – нағыз бақыт! Біз жаңа үйге көшу мүмкіндігін ұзақ күттік. Енді әрқайсымызға жеткілікті орын болады және өміріміз әлдеқайда жайлы болатынына сенімдіміз. Бізге қолдау көрсеткендердің барлығына алғыс айтамын», — деді көпбалалы ана.
Айта кетейік, 16 пәтерлі бұл үй Сандықтау ауданында сатып алынған алғашқы тұрғын үй кешені болды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -