Сенатта шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі талқылады
Бүгін Сенатта экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің дөңгелек үстел отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар мемлекеттік шағын және орта бизнеске (ШОБ) қолдау көрсету шараларының тиімділігін талқылады. Жиынға Сенат депутаттары, министрліктердің өкілдері, «Атамекен» ҰКП, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және басқа да ұйымдар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков үкімет бизнес-ахуалды жақсарту және әкімшілік жүктемені азайту бойынша жүйелі шаралар мен мемлекеттік қолдаудың тікелей тетіктерін іске асырып жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, 2024 жылдың ІІІ тоқсанына қарай Қазақстан экономикасындағы ШОБ үлесі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,3%-ға өскен. Секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 1,2%-ға артып, 4,4 млн адамға жеткен, ал ШОБ субъектілері өндірген өнімнің көлемі 57 трлн теңгені (+21%) құрады.
Бауыржан Омарбековтың айтуынша, жеңілдетілген қаржыландыру шаралары аса сұранасқа ие. 2024 жылы шамамен 1 трлн теңгеге 17 мыңнан астам жоба субсидияланды, ал 310 млрд теңгеге 8 мың жобаға кепілдік берілді. Бұған қоса, 15 мыңға жуық кәсіпкер оқытылып, 135 мың кәсіпкерге кеңес берілген.
Өңірлер арасында субсидиялау бойынша Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Алматы, Түркістан және Ақтөбе облыстары көшбасшы болып табылады. Салалар бойынша өңдеу өнеркәсібі, көлік және білім беру жобалары басымдыққа ие.
Вице-министр бағдарлама шеңберінде жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар үшін жүзеге асырылатынын хабарлады.
«Бағдарлама субсидиялаудан кепілдендіру мен басқа да қаржылық емес қолдау шараларына біртіндеп көшу қарастырылған. Жобаларды субсидиялаудың жаңа тәсілдері нарықтық жағдайға біртіндеп көшу үшін сараланған субсидиялау әдісін енгізуді көздейді. Бұл тәсіл бюджетке салмақ түсіруді азайтып, бизнестің нарықтық қаржыландыру тетіктеріне көшуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында қарсы міндеттемелер күшейтілді», - деп түсіндірді вице-министр.
Сонымен қатар, ол бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған салаларды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударылғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, синдикатталған кредиттеу сияқты баламалы қаржыландыру құралдарын дамыту қарастырылған. «Даму» қорының базасында кепілдік қоры құрылады. Есептеулер бойынша 2028 жылға қарай кепілдіктер портфелі 1 трлн теңгеге дейін өседі, ал жыл сайынғы қолдау 50 мың жобадан асады.Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, 2010-2023 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпорындар 211 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, 104,5 трлн теңгеге өнім шығарды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -