Шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселесі талқыланды
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселесі қаралды.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Әбішевтің айтуынша, бүгінде өңірде экспорттық әлеуетті арттыруға бағдарланған 70-тен астам орта және ірі кәсіпорын бар. Статистикалық деректерге сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы экспорты 2,7 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде шикізаттық емес өнімнің тауар айналымы — 1,3 млрд АҚШ доллары.
Бүгінде экспорттық жеткізілімдер жүзеге асырылатын негізгі елдер — Қытай, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания және ТМД елдері. Өңірдің шикізаттық емес экспортында айтарлықтай көлемді өңірдің 4 жетекші кәсіпорны алады. Олардың қатарында «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Ақтөбе хром қосылыстары зауыты» акционерлік қоғамы, «Ақтөбе май экстракциялау зауыты» және «Ақтөбе рельс арқалық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.
«Біз экспорттаушы кәсіпорындарды қолдау мақсатында тұрақты негізде «Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» ұлттық компанияларымен бірлесіп, бірқатар іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Мәселен, ақпараттық-түсіндіру семинарларын өткізіп, шетелден сауда серіктестерін іздестіру жұмыстары жүргізудеміз», — деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда «Kazakh Export» АҚ-дан «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты», «Максимус», «Геом», «Арт Трейд ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сақтандыру қолдауын алған. Бүгінде өңірдегі компаниялар Экспорттық акселерация бағдарламасына белсенді түрде қатысуда. Мәселен, өткен жылы акселерация бағдарламасынан облыстағы 6 компания өткен. Ал «QazTrade» желісі бойынша «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты», «Вибро Мастер Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жалпы мөлшері 11,9 млн теңгеге өңделген тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға жұмсалған шығындарды өтеу түрінде мемлекеттік қолдауға ие болған.
Жиында өңір басшысы Асхат Шахаров облыстың экспорттаушы кәсіпкерлерін мемлекеттік қолдау шараларымен кеңінен қамту үшін тиісті шараларды атқару қажеттігін жеткізіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Облыста инвестиция көлемі триллион теңгеге шыққанымен, тікелей инвестиция көрсеткіші аздау болып тұр. Өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу, отандық өнімді көбейту мәселесі өте өзекті. Бұл бағытта министрліктермен тиісті байланыс орнатуымыз керек. Жалпы, жұмыс қарқыны жаман емес. Жаңа келіссөздер жүргізіп, ниет білдірген инвесторларды өңірге тарту маңызды», — деді облыс әкімі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -