Әскери-техникалық мектептің түлектері еGov порталы арқылы әскери билет алды
Алматыда әскери-техникалық мектеп филиалының 108 түлегі әскери ант беріп, сертификаттар алды. Соның негізінде еGov сайтының жеке кабинетіне әскери билеттің электрондық нұсқасы пайда болады.
Әскери-техникалық мектепте әскери міндеттілердің төрт взводы тылдық және техникалық қамтамасыз ету, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бейіні, сондай-ақ тікұшақ үлгісіндегі ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторлары бойынша 40 күндік оқудан өтті.
Салтанатты әскери ант қабылдау рәсімі білім беру мекемесінің аумағында болды. Түлектер мектептің оқытушылар құрамына берген білімдері үшін алғыстарын білдіріп, саптық алаңда алған машықтарын көрсетті.
Туған-туыстары оларды Отан қорғаушылар қатарына кірген айтулы күнмен құттықтады.
– Сендерге қарап, осыдан 56 жыл бұрын Омбыдағы жалпы әскери командалық училищесінде әскери ант берген сәтімді еске түсірдім. Ал бүгін немерем Эмиль Коваленконы және барлық түлектерді әскери-техникалық мектепті аяқтауымен құттықтаймын. Отанымыздың игілігі жолындағы қызметтеріңе сәттілік тілеймін, – деді Шекара қызметінің ардагері запастағы полковник Шамиль Ғаббасов.
Әскери-техникалық мектепте оқу – азаматтарды әскери даярлаудың балама нұсқасы. Он сегіз жаста мерзімді әскери қызметке түрлі себептермен шақырылмаған, 24 пен 27 жас аралығындағы жастардың оқуға және әскери билет алуға мүмкіндігі бар.
– Бүгінгі таңда біз тек әскери ғана емес, азаматтық салада да сұранысқа ие 28 әскери-есептік мамандық бойынша оқытып жатырмыз. Жыл сайын біздің әскери-техникалық мектептің филиалының өзі 700-ден астам адам оқытады. Осылайша, Қазақстан Президентінің жастарды жұмыспен қамту туралы тапсырмасы іске асырылуда, – деп атап өтті Алматыдағы әскери-техникалық мектеп филиалы директорының орынбасары полковник Мұрат Сахратов.
Еліміздің барлық өңірінде Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскери-техникалық мектептің 15 филиалы бар екенін айта кеткен жөн. Бұлар әскерге шақырылушылар мен әскери дайындалған резервті дайындауға айтарлықтай үлес қосу үстінде. Мамандандырылған мектептер өз қызметін екі бағытта: азаматтарды әскери қызметке тегін даярлау және әскери-оқытылған резервті ақылы негізде даярлау бойынша жүзеге асырады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -