ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ ТЫҢДАЛДЫ
Түркістан қаласындағы «Ашық әкімдік» кеңсесінде облыс әкімі орынбасарларының тұрғындарды жеке қабылдауы кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Кезекті жеке қабылдауды Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өткізді. Облыс тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй алу мәселесін көтерді. Сонымен қатар жол салу, мүгедектерге қолайлы жағдау жасау, коммуналдық мәселелерді қозғап, жобалар ұсынды. Мәселен, Түлкібас ауданынан онлайн режимде қосылған азаматша арендалық үйден бас тартатынын жеткізіп, апатты жағдайдағы үйінің қаржысын өтеп беруді сұрады. Арыз иесіне аудандық бюджеттен өтемақы төлеуге қаржы қаралмағаны және алдағы уақытта тұрғын үй салу жоспарланғаны түсіндірілді. Одан бөлек, тұрғын саябақ құрылысы тоқтап қалғанын, жол мәселесін реттеу керек екенін жеткізді. Тұрғынға саябақ келесі жылы пайдалануға берілетіні, мердігермен жұмысты жалғастыру келісілгені айтылды. Жол мәселесі бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен шешіледі.
Арыстық мүмкіндігі шектеулі азамат мемлекет тарапынан берілетін қоларба талапқа сай емес екенін алға тартып, жаңа қоларба алуға ықпал етуді сұрады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға пандус орнату мәселесін көтерді. Биыл жоспар бойынша қаладағы 23 мекемеге пандус орнатылады.
Сарыағаш ауданынан келген азаматша үйінің апатты жағдайда тұрғанын айтып, тұрғын үй кезегіне тұруға көмек көрсетуді сұрады. Өтініш иесіне үй «апатты» деп танылған жағдайда, тұрғын үй кезегіне тұра алатыны түсіндірілді. Тағы бір сарыағаштық тұрғын инфрақұрылым тарту мақсатында қазылған жолдарды қалпына келтіруді сұрады. Жол салу жұмыстары су және газ жүйелерін тарту жұмыстары аяқталған соң жүргізіледі. Тұрғындардың жайлылығы үшін мердігер мекемемен көшелерге шағал төсеу келісілді.
Сауран ауданынан келген азамат шалғай қалған ауылға су, жол, ғаламтор тарту мәселесін көтерді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты сала басшыларына мәселені жіті зерделеуді тапсырды.
Зұлпыхар Жолдасов жауапты басшыларға көтерілген мәселелерді шешу бойынша тиісті тапсырмалар беріп, орындалу барысы назарда болатынын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -