Түркістанда құны 146,8 млрд теңге болатын мақта өңдеу кешені салынады
Түркістан облысында мақта шаруашылығын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін жоба іске асырылуда.Болашақ мақта агроөнеркәсіп кешенінің капсуласын салу рәсімі Turan арнайы экономикалық аймағында облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС директоры Сюй Цзенің қатысуымен өтті. Жобаның құны 146,8 млрд теңгені құрайды.
Толық циклді тоқыма фабрикасында 11 цех жұмыс істейтін болады - иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу. Өндіріс қуаттылығы жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 млн метр үй тоқымасын, 7 млн жиынтық төсек әбзелдерін құрайды. 2000-нан астам жұмыс орны құрылады.
Мақта-мата кластерін дамытуға бағытталған өндірістік кешеннің құрылысын Xinjiang Lihua (Group) Co., LTD жүргізеді.
Жобаның маңызды артықшылығы компанияның Louis Vuitton және Gucci сияқты сән индустриясының алыптарымен тікелей ынтымақтастығы болып табылады.Болашақта made in Turkestan тігін жіптері мен маталары осы брендтерге сатылатын болады.
Түркістан облысы - Қазақстанның мақта өсіретін жалғыз өңірі. «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» шеңберінде тоғыз мақта кластерін құру жоспарлануда, бұл шитті мақтаның бағасына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Облыс аумағында жыл сайын 100 мың га жерге мақта егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу, қытайлық тәжірибе бойынша мақтаның элиталық сорттарын егу суды, энергияны, ресурстарды тұтынуды оңтайландыруға және өнімділікті 60-65 ц/га дейін арттыруға мүмкіндік береді.
2023 жылы өңірде «Cotton Мақта» ЖШС мақта өңдеу зауытының жобасы іске қосылды. Кәсіпорын заманауи қытайлық жабдықтармен жабдықталған. Өткен жылы зауыт 40 мың тонна шитті мақта қабылдады.
Сонымен қатар, Қытай мен Өзбекстан инвесторларының қатысуымен құны 223,5 млрд теңге болатын екі инвестициялық жоба іске асырылуда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -