Талдықорғанда Достық аллеясы пайда болады
Бүгін Жетісу облысында өткен Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік - дамудың негізі» атты ІІІ сессиясының жұмысына облыс әкімі Бейбіт Исабаев, этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің басшылары, ҚХА мүшелері мен жастар қанаты қатысты. ҚХА-ның алдағы 30 жылдығы аясында 2025 жылы осы күзде Талдықорғанда Достық аллеясы салынады, ал Достық үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сессия шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өркендеу» атты XXXIII сессиясында Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері жайлы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, «Славян қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Белик, Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы филиалының жетекшісі Турган Заитов, облыстық корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Владимир Ли пікір бөлісті. Спикерлер ҚХА-ның қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтудағы, мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі шаралардың тиімділігін арттырудағы рөліне ерекше тоқталып, облыстық Ассамблея жүзеге асырып жатқан бірқатар волонтерлік жобалар туралы айтып берді. Өз кезегінде Наталья Белик Достық үйінде облыс әкімінің тапсырмасымен ҚХА мүшелерінің өтініші ескеріліп, штат бірлігі бөлінгенін, соның арқасында қазақ тілінің тегін курстары ашылғанына алғыс білдірді. Енді оқу кабинеті лингафондық жабдықтармен қамтамасыз етілсе деген тілегін жеткізді.
Бейбіт Исабаев бұл ұсынысты қолдайтынын айтты. Сонымен қатар этномәдени және қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен ҚХА мүшелеріне су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына белсенді көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өркендеу» атты XXXIII сессиясында ел Президенті этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдары өкілдерінің су тасқынына қарсы күреске және зардап шеккендерге көмек көрсетуге қосқан үлесін ерекше атап өткенін еске салды. Мәселен, «Жүректен жүрекке» акциясы мен «Қайырымдық керуені» жобасы аясында Жетісу облысынан су тасқынынан зардап шеккендерге жалпы сомасы 99 млн. теңгеге 260 тонна азық-түлік, киім-кешек және бірінші кезектегі қажетті заттар жіберілген. Сондай-ақ Қазақстан халқының бірлігі күні аясында алғаш рет өткізілген қайырымдылық жәрмеңкесінде «Жастар» саябағында оқушылар мен студенттердің қолдан жасалған бұйымдары, қолөнері мен авторлық суреттері 2 млн. 715 мың теңгеге сатылды. Сонымен бірге облыс тұрғындарынан «Демеу» қайырымдылық қорының шотына 170 млн. 600 мың теңге жіберілді. «ALACEM» цемент зауыты 1 мың тонна цемент жолдады.
Облыс әкімі өз сөзінде Ассамблея жұмысында руханиятты дамытуға, отбасылық құндылықтарды насихаттауға үлкен мән беріліп келе жатқанын жеткізді.
- Президент балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөледі. Біздің басты міндетіміз - балаларға психологиялық және басқа да бағыттарда көмек көрсету, буллингтің, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу. Осыған байланысты облыста «Әдеп-құқықтық жұмыс жөніндегі ментор» жобасы қолға алынды, ол өткен жылдан бастап Талдықорған қаласында, ал биылғы қаңтардан бастап Панфилов ауданында жүзеге асырылып келеді. Полиция департаментінің деректеріне қарағанда, бүгінгі күні облыс орталығының мектептерінде балалар тарапынан және оларға қатысты құқық бұзушылықтар саны 24-тен 8-ге төмендеген, яғни сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3 есе азайды. Осыған байланысты сіздерді осы жобаға белсенді қатысуға, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, балалардың қарым-қатынасындағы зорлық-зомбылықты жоюға үлес қосуға шақырамын. Біз өз тарапымыздан 1 қыркүйектен бастап Текелі қаласы мен 8 ауданның орталықтарындағы мектептерде осы жобаны жүргізуді жоспарлап отырмыз, - деді Б. Исабаев. Сол сияқты ол 2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толатынын, мерейтойлық іс-шараның құрметіне кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігін айтып, облыстық ҚХА мүшелеріне ұсынысын жеткізді. Сол сияқты Достық үйіне ағымдағы жөндеу жүргізілетінін, оны қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отырғанын айтты. «Ұлттық костюмдерге қатысты өтініштеріңіз де назардан тыс қалған жоқ. Оған 20 млн. теңге бөлінді, мердігер анықталды, жұмыс басталды. Сонымен қатар күзде «Жастар» саябағында Достық аллеясы пайда болады, орнын белгіледік, қыркүйек-қазан айларында қылқан жапырақты ағаштар отырғызамыз», - деген облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшылығына, басқа да жауапты тұлғалар мен ұйымдарға сарапшыларды, этномедиаторларды, қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, қоғамда этникалық алауыздыққа жол бермеу атмосферасын қалыптастыру шараларына ерекше назар аударуды тапсырды. Әсіресе шалғай аудандарда достық пен этносаралық келісімнің маңыздылығы туралы белсенді ақпараттық жұмысты жалғастыру қажет, сондай-ақ тұтастай алғанда Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде қарқынды жұмыс істеу керек.
- Біздің бірлігіміз бір-бірімізге құрметпен қараудан қалыптасады. Бір-біріміздің тілімізді, мәдениетімізді меңгере отырып, біз рухани байып, берекеміз күшейіп, дүниетанымымызды кеңейе түсеміз. Бәріміз елімізде салтанат құрған бейбітшілік пен келісімді сақтауымыз керек. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық саясат саласындағы рөлі бұдан былай да арта түсетінін білдіреді, осы орайда сіз бен бізге осы миссияны орындауда және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруда үлкен жауапкершілік артылады, - деп түйіндеді сөзін Бейбіт Исабаев.
Сессия соңында өңірдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға қосқан азаматтар марапатталды. Облыстық орыс этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лариса Котельниковаға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты берілді. Этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің бірқатар өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Атап өтсек, сессия басталар алдында Тілдер сарайының залында облыстық ҚХА мүшелерінің өсірген өнімдерінің, жасаған қолөнер бұйымдарының, спорттық жетістіктерінің шағын көрмесі ұйымдастырылды.
Еске салсақ, облыстық ҚХА-ның қазіргі құрамында 22 этномәдени бірлестік, 124 аналар кеңесі, 121 ақсақалдар кеңесі бар. Достық үйінде медиация кабинеті, аудан, қала әкімдіктерінің жанындағы 15 медиативтік алаң, ғылыми-сараптамалық топ, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіндегі ҚХА кафедрасы, жетекші журналистер мен сарапшылар клубы, «Жастар Ассамблеясы» жастар қозғалысының облыстық өкілдігі жұмыс істейді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -