Теміртаулық жастар бизнесін дамытуға екі миллион теңгеден алды
Теміртауда ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қала әкімінің гранты берілді. 30 кәсіпкер екі миллион теңгеден алды.
Жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған гранттар беру конкурсына қатысуға 139 өтінім түскен, оның 30-ы іріктелді. Қазылар алқасы бизнес-идеялардың жаңалығы мен өзектілігіне, инновациялық әдістерді қолдануға және жеке бизнестің қалаға тигізетін пайдасына назар аударды.
Грант алушылар қатарында кәсіпкер Дарья Вишнивецкая бар. Ол "ART-вишня" шығармашылық студиясының негізін қалаушы, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырады.
– Мен бұрын шақырулар бойынша жұмыс істедім: кофеханаларда, мейрамханаларда, студияларда және т. б. іс-шаралар өткіздім. Гранттың арқасында үй-жай жалдап, ол жерде балалар мен ересектерге шеберлік сабақтарын өткізе аламын. Сондай-ақ жаңа материалдар сатып алдым: эпоксидті шайыр, бояулар, щеткалар және т. б., – дейді ол.
Кәсіпкер Руслан Ізбасаров та өз ісін дамыту үшін қымбат жабдықтар сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Осыған дейін де оның "МастерПро" атты өз шеберханасы жұмыс істеп келген.
– Мен тұрмыстық жедел жөндеу қызметтерін көрсетемін. Мысалы, кран сынса немесе басқа нәрсе бұзылса, менің шеберханам оны жөндеп береді. Гранттың арқасында көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа жабдық сатып алдым. Мұндай жұмысқа сұраныс бар, мен шеберхананың адамдарға пайда әкелетінін білемін, – дейді кәсіпкер.
Гранттық қаражатқа Теміртауда балық тағамдарына мамандандырылған дәмхана, жартылай фабрикаттар шығаратын цех, этностильдегі фотостудия және т. б. ашылады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -