Уәкіл Артур Ластаев сотталғандардың медициналық көмекке құқықтары туралы айтты
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев «Адам құқықтарын қорғау мәселелері: Омбудсмендердің озық тәжірибелерімен алмасу» атты VIII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
Шара барысында Уәкіл «Тұтқындардың сапалы медициналық көмекке құқығы» мәселесі бойынша баяндама жасады. Ол өз сөзінде сотталғандардың медициналық көмекке құқықтарын жүзеге асырудың маңызды аспектілеріне тоқталды.
Мәселен, 2022-2023 жылдары түрме медицинасы полициядан Денсаулық сақтау министрлігіне берілді. Қазіргі уақытта жүйе 38 мыңнан астам сотталғандарды ұстайтын 79 мекемені қамтиды. Бұл түрмедегі адамдарға медициналық көмек көрсету сапасын арттырудағы маңызды қадам болды. Дәрігерлердің мекеме әкімшілігінен тәуелсіздігі азаптаулардың алдын алудың тағы бір жолы болып саналады және корпоративтік мүдделерді бейтараптайды.
Сонымен қатар, түрме медицинасы азаматтық секторға ауыстырылғаннан кейін медициналық көмек алған сотталғандардың саны екі есе өсті - 2022 жылғы 384 мың адамнан 2023 жылы 713 мыңға дейін. Стационарлық көмек алатын науқастар саны бес есеге артты.
Жүргізілген реформалардың нәтижесінде сапасыз медициналық көмекке қатысты шағымдар саны 12 есе өскен – 2022 жылғы 23 шағымнан 2023 жылы 276 шағымға дейін.
«Негізінен сотталғандардың өтініштері сапасыз медициналық көмекке, немқұрайылыққа, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты. Бұл кемшіліктердің көпшілігі сапарлар кезінде де анықталып, ұсыныстарымызда көрініс табады», - деп нақтылады Артур Ластаев.
Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл 2023 жылы түзеу мекемелеріне 1300 бару жүргізілгенін, соның нәтижесінде медициналық көмекті жақсарту бойынша 3,5 мыңнан астам ұсыным жіберілгенін атап өтті. 2024 жыл басталғалы 640 бару жасалып, 2,5 мыңға жуық ұсыныс әзірленген.
Артур Ластаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жұмыс жүргізіліп жатқан бірқатар мәселелер бар, соның ішінде шетелдіктерге сақтандыруының жоқтығынан медициналық көмек көрсету мәселесі, азаматтық сектордағы дәрігерлерді Стамбул хаттамасының ережелері мен қағидаттары бойынша оқыту жұмысы бар. Жалпы, Қазақстандағы сотталғандарға медициналық көмек көрсету халықаралық ұсыныстар мен стандарттарға сәйкес келеді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -