«Үздік идеялар»: Қарағандыда қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері арасындағы байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы шығарылды
Қарағанды облысының педагогтары қазақ тілі мен әдебиеті теориясы бойынша сайысқа түсіп, мектептерде осы пәндерді қалай тиімді оқыту керектігі туралы ойларымен бөлісті.
Ләззат Бәйішқызы атындағы «Үздік идеялар» байқауының облыстық кезеңіне Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан 43 мұғалім қатысты. Олардың барлығы бұрын өткен байқаудың өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздары атанды. Қатысуға қазақ және орыс тілдерінде оқытатын педагогтар жіберілді.
Облыстық байқау үш кезеңнен тұрды. Біріншісінде қатысушылар эссе жазуы тиіс еді. Екіншіден – қазақ тілі теориясы бойынша сұрақтарға жауап беру, сондай-ақ үзінділер бойынша қазақ классиктерінің шығармаларын атау. Үшінші тур педагогикалық идеялар мен оқыту әдістемесін талқылауға арналды.
Сәттаров атындағы Қарағанды мектеп-лицейінен Әсем Қызырова қазақ тілінде оқытатын мұғалімдер арасында бірінші орын алды.
– Жалпы тапсырмалар күрделі, қызықты болды. Дұрыс жауап беру үшін тіл теориясын, қазақ классиктерінің шығармаларын терең білу керек. Маған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпосынан үзінді келді. Байқаудың үшінші турында мен Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында айтқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын енгізудің маңыздылығы туралы өз идеяларыммен бөлістім. Мұндай байқаулар өте маңызды. Олардың арқасында біз пән мұғалімдері тәжірибе алмасып, идеялармен бөлісе аламыз. Жас мамандар үшін бұл өте құнды және қажет, – деп есептейді Әсем Қызырова.
Орыс тілінде оқытатын мектептерде жұмыс істейтін педагогтар арасында Бауыржан Момышұлы атындағы Қарағанды ОМ мұғалімі Жанар Төлеуғазы бірінші орын алды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -