Зерендіде жаңа спорт мектебінің құрылысы бастау алды
Бүгінгі күн Ақмола облысының спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиғамен есте қалды – Зеренді ауылында жаңа спорт мектебінің құрылысы басталды. Нысанды салу жұмыстары жыл соңында аяқталады деп жоспарлануда.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің құрылысы – Президент тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырылып жатқан елдегі алғашқы жобалардың бірі. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі Ақмола облысы Зеренді ауылында құны 2,1 млрд теңге болатын спорт кешенін салу бойынша әлеуметтік жобаны іске асыру үшін Арнайы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатын. Жаңа балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі Қазақстан Республикасының «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңы аясында салынады.
Іс-шараға Ақмола облысының әкімі, өңірдің спорт қауымдастығы, мәслихат депутаттары мен аудан белсенділері қатысты.
Жиылған қауым алдында сөз сөйлеген Марат Ахметжанов бұл оқиғаның дені сау әрі белсенді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«Бұл жоба Мемлекет басшысы алдымызға қойған бұқаралық және балалар спортын дамыту міндеті аясында жүзеге асырылуда. Аталмыш спорт мектебі ауыл мен аудан тұрғындары үшін сүйікті орынға айналып, спорттық және мәдени іс-шаралар, үлкен жеңістер мен рекордтар ордасы болады деп сенемін», – деді облыс басшысы.
Жобаға сәйкес аумағы 6 мың шаршы метрден асатын жаңа ғимарат екі блоктан тұрады, онда күрес және бокс залдары, екі жаттығу залы және басқа да бөлмелер болады. Спорт кешенінің құрылысын жергілікті «УК Строй» ЖШС жүзеге асыруда.
«Инфрақұрылым мен спорт нысандарының дамып жатқаны спортсүйер жастарды жеңіске ынталандырады. Қазіргі таңда аудандағы спорт мектебінде 806 оқушы жаттығып жүр, ал жаңа мектептің арқасында біздің тәрбиеленушілеріміздің саны 1500 адамға дейін артады», – деп атап өтті спорт мектебінің директоры Қайырбек Тлеубаев.
Салтанатты шара 100-ден астам қатысушыны қамтыған шаңғы жарысына ұласты.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -