ЖҰБАНОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ҚОҚЫССЫЗ БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Таза Қазақстан: Қоқыссыз болашаққа қадам» атты облыстық экологиялық форум өтті.
Ақтөбе облысы жастары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, экологиялық ағартушылық жұмыстарын дамыту және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларды қолдау мақсатында өткен жиынға экология саласының сарапшылары, ғалымдар, мұғалімдер, мемлекеттік органдар, жастар ұйымдары өкілдері мен еріктілер қатысты.
Форум жастар арасында экологиялық таза әдеттерді қалыптастыру және табиғатты қорғауға бағытталған тәжірибелер мен бастамаларды қолдауға арналды.
Спикерлер, «Жыл волонтері – 2024» халықаралық сыйлығының жеңімпазы, экоқорғаушы Темірлан Жолдыбай жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, тұрмыста және қоғамда қоқыс өндіруге ықпал ететін қателіктерді талқылап, олардан сабақ алу жолдарын ұсынды.
Ал экобелсенді, «Ақтөбе, дыши!» волонтерлік қозғалысының ұйымдастырушысы Евгений Лазарчук экологияның болашағы мен оның ғаламдық шешімдеріне тоқталды. Ол студенттердің экологиялық бастамаларын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Форум барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері бірнеше экологиялық жобаларын таныстырды.
Олардың ішінде «Тоқыма қалдықтарын қайта пайдалану» жобасы тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы мысықтарға арналған жатын орындар дайындап, қалдықтарды азайту мен қоршаған ортаны ластанудан қорғау мақсатын көздейді.
«Біз қалдықтарды жинап, сұрыптаймыз. Содан кейін эскиздер жасап, өзіміз тігеміз. Біздің жобамыз тек қалдықтарды өңдеу ғана емес, қоршаған ортаға пайдасы бар заттар дайындау. Бізде ЭКОВерт студенттік ғылыми үйірмесі бар, сол үйірме барысында осы идеяны жетекшімізге ұсынған болатынбыз. Сондай-ақ біз жобамызды коммерциализациялауды көздеп отырмыз», – дейді жоба авторларының бірі, «Экология» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Мария Зимакова.
«Жасыл әлем» дендро-саябағы жобасын Ақтөбе тұрғындары демалатын жаңа жасыл алаң құру мақсатында «Ландшафттық жобалау» білім беру бағдарламасының студенттері мен экобелсенді Е.Лазарчук бірігіп жасады. Саябақтың ерекшелігі – су аймағы, ол көктем айларында еритін қар суларын пайдалану арқылы жасалады.
«Саябақ 17 зонаға бөлінген және әр зонада өзінің табиғи ерекшеліктеріне қарай әртүрлі ағаштар отырғызылады», – дейді жоба авторларының бірі, «Ландшафттық жобалау» бағдарламасының 3-курс студенті Іңкәр Сайлау.
Сонымен қатар форум аясында экологиялық инновациялар мен тәжірибелерді дәріптеу, жасыл технологиялар мен тұрақты даму бағытындағы стартаптарды таныстыру, экологиялық белсенділікті арттыру мәселелері талқыланды.
«Жасыл игілік» акциясы арқылы табиғатты қорғау бастамаларын қолдау, жеке және қоғамдық қателіктерді талқылау, жастардың үлгі боларлық бастамаларын қолдау арқылы экологиялық өмір салтын насихаттауға бағытталған шешімдер ұсынылды.
Форумның қорытынды сессиясында барлық қатысушылар мен сарапшылар бір алаңда бас қосып, ұсынылған идеялар мен экологиялық мәселелерді талқылады. Бұл сессияда экологиялық өмір салтын насихаттауға бағытталған шешімдер жинақталып, жастардың экологияға деген көзқарасы мен белсенділігін арттыру жолдары анықталды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -