Жетісуда әдеп-құқықтық тәрбие жөніндегі менторлық жобаның аясы кеңейтілуде
Жетісу облысында бір жылға жуық уақыттан бері «Әдеп-құқықтық тәрбие жөніндегі ментор» жобасы жүзеге асырылып келеді. Пилоттық жоба облыс орталығы Талдықорған қаласының мектептерінде өткен жылдың қыркүйек айынан басталса, ал биылғы жылдың қаңтар айынан Панфилов ауданының мектептеріне енгізілді. Осы уақыт ішінде түрлі саласының мамандары және қонақ лекторлар қазіргі заманның өзекті тақырыптарына арналған 170-ке жуық кездесу өткізіп, ол кездесулерге 17 мыңнан астам оқушы қатысты. Жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға қарағанда, сауалнамаға қатысқан оқушылардың 75%-дан астамы арнайы келген лекторлардың дәрісіне риза екенін, ал 62% мектеп менторларымен оңды қарым-қатынас орнатылғанын айтқан. Сонымен қатар 28,6% жеке консультациялар алғанын, ал 20%-ға жуығы менторлармен әңгімелесу нәтижесінде шешілмейтін проблемалар жоқ екенін түсінгенін атап өтті. Қол жеткізілген оң тәжірибені ескеріп, алдағы жаңа оқу жылынан бастап 7 аудан орталығы мен 1 қалада тағы 48 ментор өз жұмысын бастайды. Ал бүгін менторлық тәжірибедегі қонақ дәрістерін өткізу дәстүрі жалғастырылып, оқушылармен облыс әкімі Бейбіт Исабаев кездесті, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Кез келген елдің ең үлкен байлығы – адами капитал, яғни сіздер – Қазақстанның болашағысыздар. Сондықтан мемлекет өз тарапынан жас ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайды жасауға тырысады. Қатаң бәсекелестік жағдайында ілгерілеуге, біртіндеп жетістікке жетуге көмектесетін, ол ең алдымен – білім. Біз енгізген әдеп-құқықтық тәрбие жұмысы жөніндегі менторлық жоба суицид, буллинг және кибербуллинг, лудомания, интернет-алаяқтық, нашақорлық сияқты мәселелер белең алған қазіргі ақпараттық әлемде, ең бірінші, сіздерді қорғауға бағытталған. Бұл ретте сіздердің тәлімгерлермен өзара түсіністікте болуларыңыз біз үшін өте маңызды. Бұл ретте әлеуметтік сауалнаманың нәтижелері қуантып отыр. Сауалнамаға қарағанда, сіздердің басым көпшілігіңіз өз дәріскерлеріңізді, менторларыңызды білесіздер, және сауалнама тәлімгерлермен жақсы қарым-қатынас орнатылғанын анықтап отыр. Өзара түсіністіктің арқасында менторларға деген сенім артып келеді, сондықтан біздің бірлескен жұмысымыздың оң жемісі бар деуімізге болады. Бұл жобада барлық міндеттерге қол жеткізілді деген сөз емес, әлі де тұжырымдамалық тұрғыдан нақтыланатын тұстары бар, дегенмен жобаны іске асыру аса қажет шара екені айқын. Біз өз тарапымыздан осы жобаға қызығушылық білдіргендер болса, керекті әдістемелік қолдау көрсетуге дайынбыз, - деп атап өтті Бейбіт Исабаев.
Облыс басшысы өз сөзінде бірнеше негізгі бағыттарға тоқталды. Біріншіден, ол мектеп бағдарламасын меңгерумен қатар өзін-өзі жетілдіруге назар аудару, қызығушылық танытқан немесе жаны қалайтын пәндерді тереңірек зерттеудің маңызды екенін атап өтті. Бұл мәселеде, спикердің айтуынша, қазақ және әлем әдебиетінің классиктерін оқудың маңызы зор. «Мысалы, көптеген мемлекеттерде ұлттық кітап күні атап өтіледі. Халықаралық кітап беру, балалар кітабы және кітап оқу күндері бар. Біздің елде де ұлттық кітап күнін бекіту идеясы айтылды. Бұл – өте пайдалы бастама. Астана, Алматы қалаларының тәжірибесін ескере келе, біздің өңірде еліміздің үздік баспаларын шақырып, «Кітап Фест» кітап фестивалін өткізуді ұсынамын. Кітапханаларды заманауи коворкинг-орталықтар түрінде жаңғырту керек, кітапхана қорларын үнемі толықтыру керек», - деді Б. Исабаев.
Спикер оқушылармен Президент ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы, «Азаматтық жауапкершілік», «Әлеуметтік әділеттілік» ұғымдарының мәні туралы әңгімелесті, оқушылар да осы тақырыпқа қатысты өз ой-пікірлерін білдірді.
Сол сияқты спикер ұлттық бірегейлікті сақтаудың негізі ретінде дәстүрдің, түпкі негіздердің, отбасылық құндылықтардың, өзара татулықтың маңыздылығына тоқталды.
Спикер сондай-ақ өңір жастарының волонтерлікте белсенділік танытып, қоғамдық салалардың, қайырымдылық ұйымдары мен өзін-өзі басқару институттарының жұмысына қатысып, қазірдің өзінде демократиялық қоғам құруға өз үлесін қосып жатқандығын жеткізді. «Мен жастардың қоғамдық кеңестердің жұмысына қатысу туралы бастамаларын қолдаймын», - деді Б. Исабаев. «Жас полиция», «Жас құтқарушылар», «Жас сарбаз» кадет сыныптары мен әскери-патриоттық клубтардың оң тәжірибесін атап өтіп, олардың санын ұлғайтып, материалдық-техникалық және құқықтық базасын дамыту мәселелерін шешуді тапсырды. Ол сондай-ақ «Жасыл ел» отрядтарын, «Тәуелсіздік ұрпақтары» және «Zhas Project» жобаларын, жастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын атап өтті.
Мен осы кездесуде жаңа ғана 15 жасар бозбаламен таныстым. Ол жеке бизнес-жоспарын жасапты. Қазірдің өзінде ол өз ісін жайлап бастап жатыр, бизнесін бастауға, әрине, әзірге тек жасы кіші. Бірақ 16 жасқа толғаннан кейін ол мемлекеттен грант ала алады. Жас адам алдына нақты мақсат қойған кезде ол сол мақсатына жетуге алдын ала дайындалады, жоспар жасайды, сенімді түрде алға жылжиды, ақыр соңында жетістікке жетеді. Сіздердің әрқайсыларыңыз да солай мақсат қоюларыңыз керек. Біз сіздерге үлкен үміт артамыз, сенеміз, әрқашан бастамаларыңызды қолдаймыз, - деп түйіндеді сөзін Бейбіт Исабаев.Мұнан соң кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Жас болғандарына қарамастан, оқушылар экология, жастар жұмыссыздығы проблемасын шешу, жалпы Талдықорғанның дамуы туралы, тіпті жаһандық тақырыптарды да көтерді. Мектеп оқушыларын қаңғыбас иттердің проблемалары, жол жөндеудің сапасы, смарт-аялдамалардың қараусыз жайы өзекті болып отырғанына алаңдаушылық білдіріп, өңірдегі туризмді дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімінен әр қадам жемісті болу үшін қандай қасиеттерді шыңдау керектігін, өмірде кімді үлгі тұтатынын сұрап білді.
Екі сағатқа жуық әңгіме барысында облыс әкімі мен жауапты тұлғалар кездесуге қатысушылардың барлық сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді. Бұл ретте колледждерде қазіргі заманғы еңбек нарығындағы сұранысқа сай жаңа мамандықтарды енгізу тақырыбына тоқталды. Мектептегі өзін-өзі басқару өкілдерінің қатарындағы бірқатар тәлімгерлер мен оқушыларға облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды. Облыс әкімі менторларды жеке кабинеттермен қамтамасыз ету, тәлімгерлік сағаттарды ұйымдастыру мәселелерін пысықтауды тиісті мекемелерге тапсырды.
Бейбіт Исабаев жастарға ізгі тілегін айта келе:
- Ең бастысы, аман-сау болыңыздар. Жалқаулыққа бой алдырмаңыздар, үйреніңіздер, өздеріңізді дамытыңыздар. Мақсатты болыңыздар. Алдарыңыздағы барлық жол сіздерге ашық. Бүгінгі кездесуіміз сіздер үшін де, мен үшін де жағымды әрі пайдалы болды деп сенемін, - деп қорытындылады сөзін өңір басшысы.
Кездесу аясында Оқушылар сарайындағы үйірмелер мен секцияларға қатысатын оқушылардың жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда балалар өздерінің өнерін, жасаған бұйымдарын көрсетті.
Жетісу облысында қолға алынған бұл «Әдеп-құқықтық тәрбие жөніндегі ментор» жобасының негізгі мақсаты - оқушылардың жеке дамуы мен оларды әлеуметтендіруді менторлық сүйемелдеу арқылы өңірде бірыңғай тәрбие кеңістігін қалыптастыру. Бүгінгі заманғы өзектілігін ескере отырып, жобалық кеңсе жұмысының негізгі бағыттарына балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттерін түсіндіру; нашақорлықтың, лудоманияның, суицидтің, буллингтің, кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінің алдын алу; жыныстық қол сұғылмаушылықты қалыптастыру (ерте жүктіліктің алдын алу); салауатты өмір салтын насихаттау; мамандық таңдау және кәсіптік бағдар беру; сондай-ақ шығармашылық ойлауды және қаржылық сауаттылықты арттыру тақырыптары таңдалып алынды. Жобаны іске асыру басталғаннан бері оқушыларға түрлі өзекті тақырыптар бойынша 113 кездесу өткізіліп, 51 лекция оқылған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотосурет авторы: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -