Қарағанды облысында 15 сәуірден бастап жастарға арналған жеңілдікті ипотекаға өтінімдер қабылданады
Қарағандыда, Теміртауда және Саранда 15–23 сәуір аралығында жұмыс істейтін жастардан жеңілдікті ипотека алуға өтініштер қабылданады. Бағдарламаға қатысу шарттары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Жұмыс істейтін жастарға жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы Қарағандыда 2022 жылы іске қосылды. 2024 жылы ол Теміртау мен Саран тұрғындарына қолжетімді болды.
– Бағдарламаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен жыл сайын 500 миллион теңге көлемінде «Отбасы банкі» желісі бойынша қоса қаржыландырумен 1 миллиард теңге бөлінді. Үш жыл ішінде 350 ипотекалық қарыз мақұлданды. Жалпы облыс бойынша 2,1 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Осы қаражат аясында 107 жеңілдікті ипотекалық қарыз беру күтілуде, – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.
Бағдарлама аясында жас мамандар жылдық 6% -бен 20 млн теңгеге дейін ипотекалық қарыз ала алады. Ең ұзақ мерзімі – 19 жылға дейін. Бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%. Тұрғын үйді бірінші және екінші нарықта таңдауға болады, алайда соңғы жағдайда үй 1974 жылдан бұрын салынбауы тиіс.
Бағдарламаға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қызметкерлер мен коммуналдық қызмет қызметкерлері қатыса алады. Биыл тізімге жұмысшы мамандықтарының өкілдері, «Қазпошта» АҚ, ТЖД қызметкерлері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және т. б. кірді.
Басты шарттардың бірі – өтініш берушінің немесе оның жұбайының соңғы бес жыл ішінде жеке тұрғын үйінің болмауы.
– Жеңілдікті бағдарламаның арқасында жас жұмысшылар биыл қоныс тойын тойлай алады. Жақын күндері Қарағанды әкімдігінің сайтында және @otbasybank _ karaganda Instagram-аккаунтында бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттар туралы ақпарат орналастырамыз. Өтініш берген соң «Отбасы банк» мамандары ізденушінің құжаттар пакетін, оның төлем қабілеттілігін, несие тарихын тексереді. Мысалы, жұбайсыз және баласыз адам қарыз алу үшін айына кем дегенде 221 мың теңге табуы керек. Егер екі баласы бар отбасы болса, онда жалпы табыс 370 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Ипотека бойынша төлем сомасы алғашқы 8 жылда 184 мың теңгені және келесі 11 жылда 91 мың теңгені құрайды, – деп түсіндірді «Отбасы банкі» АҚ Қарағанды облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің бастығы Сұлтан Айдарханов.
Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -