Астананың әскери музейінде қазақстандық партизандарға арналған «Еуропада етікпен су кешкендер» атты көрме ашылды
ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің «ХХ ғасыр» залына қойылған материалдар Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан қатысқан партизандарға арналды.
Экспозицияның салтанатты ашылуына Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы әскери атташесі полковник Робер Аземанн, «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов қатысты.
– Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толуы мерекелік күн ғана емес, сіздердің арқаларыңызда бұл Францияның азат болған күні. Елімізді азат етуге көптеген елдер мен халықтар өз үлестерін қосты. Олардың қатарында француз жерінде соғысқан 300-ге жуық қазақ та бар. Атап айтқанда даңқты жауынгерлер Қабыш Омаров пен Қәдем Жұманиязов. Біз елден жырақта соғысып, ерліктен қаза тапқандарды жадымызда сақтауымыз керек, – деп атап өтті Франция елшісі.
Қазақстандықтар партизан жасақтарының құрамында француз жауынгер жолдастарымен бірге Тулуза мен оңтүстік Францияның басқа да қалаларын азат етті. Жерлестеріміздің осы қаланы азат ету құрметіне арналған парадқа қатысқанын растайтын фотосуреттер сақталған. Оның қатарында бесінші республиканың бірінші президенті, әйгілі генерал Шарль де Голль болды.
Отставкадағы ардагер генерал-майор Марат Нағұманов оны білетінін айтты. Ол Шарль де Голль жұбайымен бірге Сталинград шайқасының 80 жылдығына келгенін еске салды. М. Нағұмановтың жеке мұрағатында Мамаев қорғанында бірге түскен суреті бар екен.
Көрмеге партизан жасақтары құрамында соғысқан қазақ жауынгерлерінің жеке заттары, құжаттары мен фотосуреттері қойылған. Жәдігерлер қатарында Екінші дүниежүзілік соғыс уақытындағы американдық радио таратқышы, трофейлік далалық телефон және телеграф кілті бар. Одан өзге бірінші кеңестік партизандық полк құрамында Францияның оңтүстігін азат ету үшін шайқастарға қатысқан Әбибулла Қойшыбаевтың куәлігінің көшірмесі және «Defence de la France» газетінен үзінді сақталған.
Стендтердің бірінде партизан қозғалысы ардагерлерінің естеліктері жарияланған «Франция ормандарында», «Француз командирінің қарсы іс-қимылы», «Парижде түсіме ылғи дала кіретін» деген тақырыптарда қазақстандық баспа басылымдарының беттерін көруге болады.
Биыл Қазақстан 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуде. Бұл күннің маңыздылығы туралы Ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «9 мамырдың төл тарихымыздағы орны ерекше. Майдангерлердің қаһармандығы мен қайсарлығының, тыл еңбеккерлерінің жанкештілігінің арқасында жеңіске жеттік. Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау – қасиетті борышымыз» деді.
Көрмеге келушілер фашизмге қарсы жорықтардың қаншалықты ауқымды болғанын және оған қатысқан қазақстандықтар жайлы көбірек біле алады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -