Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі және «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ PowerTech 2025 Орталық Азия конференциясы мен көрмесіне қатысты
Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі PowerTech 2025 конференциясы мен көрмесі өтті. Іс-шара өнеркәсіпті декарбонизациялау және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелеріне арналды. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаев, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (ХЖТИЖО) басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Қозыке, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, Арын Орсариев (Қазақстан коммерцияландыру альянсының президенті), Владислав Завадский (CAREC институтының Ғылыми-зерттеу бөлімі), Кендрик Уайт (Технологияларды коммерцияландыру орталығының директоры, Алматы Менеджмент Университеті), Ербол Сүлейменов (жоғары білім, ғылым және инновациялар жөніндегі сарапшы, KIMEP Университетінің тәуелсіз директоры), Джакомо Джаннетто (қаржы секторының жетекші маманы, FIN-SG, Азия Даму Банкі), сондай-ақ шетелдік елдерден келген делегациялар мен сарапшылар.
Конференцияны аша отырып, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев атап өтті: «Бүгін біз климаттық сын-қатерлердің ауқымын бұрын-соңды болмаған дәрежеде сезінудеміз. Климаттың өзгеруі, табиғатқа антропогендік жүктеменің артуы және табиғи ресурстардың сарқылуы бізден жекелеген шешімдерді ғана емес, жүйелі тәсілді, инновациялық ойлауды және мемлекеттік, корпоративтік және халықаралық деңгейлерде үйлесімді әрекеттерді талап етеді. Қазақстан жаһандық экологиялық қозғалыстың бір бөлігі бола отырып, парниктік газдар шығарындыларын азайту, «жасыл» энергетиканы дамыту және экономиканың барлық салаларына озық технологияларды енгізу жөнінде өршіл міндеттемелерді өзіне алады».
Конференцияның іскерлік бағдарламасы аясында ХЖТИЖО Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі Жол картасының негізгі ережелеріне сәйкес қалдықтарды басқару мәселелеріне арналған арнайы экспозиция ұсынды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Жасыл көпір» серіктестігі (ЖКС) бастамасын іске асыруға арналған панельдік сессия өткізілді. Аталған бастама 2012 жылы Қазақстан тарапынан ұсынылған және климаттың өзгеруі салдарын жұмсарту және жаңа экологиялық сын-қатерлерге бейімделу мақсатында Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдері мемлекеттері, халықаралық және қоғамдық ұйымдары, сондай-ақ бизнестің күш-жігерін біріктіруге бағытталған. ЖКС – бұл БҰҰ елдерімен Рио+20 Тұрақты даму жөніндегі Дүниежүзілік саммитінде мақұлданған және бүгінде 17 мемлекетті біріктіретін әлемдегі жалғыз экологиялық бастама.
Өз сөзінде ХЖТИЖО басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Қозыке атап өтті: «Орталық Азия елдерінде жасыл технологияларды халықаралық трансферттеу тетігін дамыту – біздің өршіл климаттық мақсаттарға қол жеткізу және бүкіл өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін негізгі мәселе».
2025 жылғы 3 сәуірде, конференцияның екінші күні, ХЖТИЖО қолдауымен Технологиялық брокерлік іс-шара (ТБІШ) өтті. Іс-шараға өнеркәсіптік кәсіпорындар, технологиялық стартаптар, инвесторлар және халықаралық сарапшылар қатысты. ТБІ алаңында Қазақстан Республикасының осал өңірлері мен өнеркәсіптік орталықтары, соның ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысы тап болатын экологиялық тәуекелдерді төмендету және сын-қатерлерді еңсеру үшін практикалық шешімдер талқыланды.
Іс-шара аясында Global Cleantech Innovation Programme (GCIP)-Kazakhstan түлектерінің инновациялық жобаларына ерекше көңіл бөлінді.
ТБІШ барысында қатысушылар өз жобаларын әлеуетті тапсырыс берушілер мен инвесторларға таныстырып, коммерцияландыру және пилоттық жобаларды іске қосу тетіктерін талқылады. Сондай-ақ, іс-шара GCIP-Kazakhstan 2025 акселераторына жаңа өтінімдерді тарту алаңына айналды.
Іс-шара қорытындысы бойынша жаңа серіктестіктер мен пилоттық жобаларды іске қосу, сондай-ақ GCIP-Kazakhstan 2025 акселераторына стартаптардың қатысуын кеңейту туралы келісімдерге қол жеткізілді.
PowerTech 2025 конференциясы Қазақстанның жасыл технологиялар мен тұрақты кәсіпкерлікті дамыту бойынша өңірлік орталық ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады.
PowerTech2025 форумы аясында «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» АҚ Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп «Жасыл көпір» стартаптар аллеясының негізін қалады.
Бүгінгі шара аясында отырғызылған ағаш — канадалық церцис — ерекше мәнге ие. Бұл ағаш өзінің ерекше сұлулығымен және мағыналылығымен танымал. Оның діңі мен бұтақтарында гүлдейтін ашық қызғылт-күлгін гүлдері жаңару мен өміршеңдіктің, табиғатпен үйлесімділіктің нышаны болып табылады. Канадалық церцис орнықты даму, экологиялық жауапкершілік және табиғат сұлулығының символына айналды.
Стартаптар аллеясының құрылуы — бұл тек көгалдандыру ғана емес, сонымен қатар жаңа экожүйе қалыптастыру. Мұнда әрбір ағаш секілді әрбір стартап та орнықты болашаққа өз үлесін қосады. «Жасыл көпір» аллеясы елдер, компаниялар, инвесторлар мен инновациялық шешімдерді біріктіріп, олардың бірлескен өсуі мен дамуына жағдай жасайды.
«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» АҚ Алматы қаласының Бас ботаникалық бағы мен оның басшылығына біздің бастамамызды қолдағаны және оны жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдіреді. Жаңа аллеяның көріктендіру ғана емес, сонымен қатар жасыл экономика құру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолындағы ортақ ұмтылысымыздың маңызды символына айналатынына сенімдіміз.
Анықтама ретінде:
Global Cleantech Innovation Programme (GCIP)-Kazakhstan –Таза технологиялар саласындағы жаһандық инновациялық бағдарлама – Дүниежүзілік экологиялық қор (ДЭҚ) мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму ұйымының (ЮНИДО) негізгі флагмандық бастамаларының бірі болып табылады. Бағдарлама экологиялық таза технологиялар саласындағы инновациялар мен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. GCIP бағдарламасы перспективалы стартаптарды анықтау, оларды қолдау, дамыту, коммерцияландыру және нарыққа шығару бойынша практикалық құралдарды ұсынады. Сондай-ақ, бағдарлама Қазақстанда төмен көміртекті және ресурсты үнемдейтін даму бағытын ілгерілету мақсатында халықаралық үздік тәжірибелерді енгізуді көздейді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -