Қазақстанның әскери қызметшілері Тәжікстанның «Харбмайдон» полигонына келді
ҰҚШҰ-ның «Шекара-2024» оқу-жаттығуы басталғанға дейін мұнда Орталық Азия өңірінің жедел өрістету ұжымдық күштері қолбасшылығымен (ОАӨ ЖӨҰК) жедел жиын өтеді.
Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан қорғаныс ведомстволарының өкілдері және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Біріккен штабы офицерлерінің тобы қатысады.
Қазақстандық әскери контингентті Қарулы күштер Бас штабы Жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары полковник Дәурен Абдулин басқару үстінде. Оның құрамында Талдықорғандағы Десанттық-шабуылдау әскерлері бригадасының әскери қызметшілері мен орталық аппараттың офицерлері бар.
Жиын басқару органдарының жедел құрамының жұмысын ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге, лауазымды тұлғалардың дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ «Шекара-2024» бірлескен оқу-жаттығуының белсенді кезеңінде Орталық азия өңірлеріндегі жедел өрістету ұжымдық күштерінің басшылығы мен штабын үйлестіруге бағытталған.
Іс-шараға қатысушылар Орталық Азия өңіріндегі қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерді талдаумен танысты. Оларға әуе шабуылына қарсы қорғаныс, радиоэлектрондық күрес, ҰҰА және оларға қарсы іс-қимыл күш-құралдарын қолдана отырып, жауынгерлік іс-қимылды ұйымдастыру және жүргізу бойынша практикалық ұсынымдар берілді. Қолбасшылық офицерлері сондай-ақ басқару құралдарының даму үрдістерімен, инженерлік әскерлердің, РХБҚ бөлімшелерінің күш-құралдарын қолдану ерекшеліктерімен, ОАӨ ЖӨҰК техникалық және тылдық қамтамасыз етуді ұйымдастырумен танысты.
16 қазанда штабтық жаттығу өтеді, оның барысында қолбасшылық пен штаб офицерлері ҰҚШҰ-ға мүше елдің аумағына басып кірген заңсыз қарулы құралымдарды жою бойынша ОАӨ ЖӨҰК жауынгерлік іс-қимылдарын жоспарлау және дайындау мәселелерін пысықтайды.
ҰҚШҰ-ның «Шекара-2024» оқу-жаттығуы 17-21 қазан аралығында өтеді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -