Білім беру ұйымдары мен әскери бөлімдерде Рахымжан Қошқарбаевты еске алуға арналған бірыңғай тәрбие сағаты өтті
Әскери бөлімдерде, жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбавтың жүз жылдығына арналған іс-шаралар өтті.
Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың есімімен аталатын Астана қаласының № 44 және Ақмола облысы Қосшы қаласының № 1 орта мектептерінде тақырыптық сабақ өтті.
Қосшы мектебіне Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова барды.
– Сіздердің мектептеріңіз Ақмола облысының тумасы Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың есімімен аталады. Сондықтан әрқайсыңыз жақсы оқуларыңыз керек. Еліміздің болашағы білімді әрі саналы ұрпақтың қолында, – деп атап өтті департамент басшысы М. Медетбекова.
Қосшы қаласындағы № 1 мектептің директоры Сұлуай Ілиясова Рахымжан Қошқарбаевтың есімі 2015 жылы берілгенін еске салды.
– Біздің мектепте Рахымжан Қошқарбаев мұғалімдермен және тұрғындармен кездескені кездейсоқ емес екен. Мектеп бұрышында сол кезеңдегі фотосуреттерді сақтап қойдық, – деді мектеп директоры.
Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі балаларды шығармашылыққа жігерлендіреді. Қосшы қаласындағы № 1 орта мектептің 11 сынып оқушысы Рахметолла «Рақымжанға арнау» өлеңін шығарды. Іс-шара барысында «Астана» медицина университеті» КЕАҚ әскери кафедрасы 317 оқу взводының студенті Полина Набокованың поэтикалық шығармасы орындалды. Өлең жолдарында Рахымжанның атысқа қарамай, туды Рейхстагқа тігуге бара жатқаны суреттеледі.
Өскеменде 99230 әскери бөлімінің өкілдері № 46 орта мектептің жоғары сынып оқушыларына ерлік сабағын өткізді. Әскери қызметшілер мектеп оқушыларына Рейхстагты жеңіс туын тіккен жауынгердің өмірі мен ерлігі жайлы әңгімелеп берді.
– Рахымжан Қошқарбаев сынды батырлардың есімдері тарих беттерінде алтын әріппен жазылады және жастар оны үлгі тұтып Отан қорғаудың маңызды екені түсінеді, – деп атап өтті 99230 әскери бөлімінің взвод командирі аға лейтенант Алмас Рүстемов.
Талдықорған қ. Михаил Ломоносов атындағы № 5 орта мектеп-лицейінде ерлік сабағын 48386 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгерім Бекбаева және тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімінің офицері аға лейтенант Нұрбек Бағдарбек өткізді.
Ақтау қаласының әскери теңізшілері Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай оқушыларға бір сағаттық ерлік сабағын өткізді. Әскери теңізшілер осы мақсатпен №5 орта мектеп пен № 7 мектеп-лицейге барды.
– Алда әскерде қызмет өтейтін оқушылармен кездестік, біз оларға батырдың ерлігі мен Отан қорғаушы миссиясының маңыздылығын жеткізе алдық деп сенеміз, – деді «Табиғат» гидрографиялық кемесі жауынгерлік бөлімінің командирі лейтенант Мейірбек Оразбаев.
«Астана» өңірлік қолбасшылығы 06708 әскери бөлімінің сарбаздары мен «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілеріне «Рейхстагқа ту тіккен қазақ жауынгері» тақырыбында шара өткізді. Жастармен кездесуге Ауған соғысының ардагері Қалмырза Серғалиев, БҰҰ-ның Ирактағы бітімгершілік миссиясының қатысушысы Еркінбек Байбукашев және ҚР Қарулы күштерінің ардагері Тілек Кенжебеков келді. Кездесу барысында Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы деректі фильм көрсетілді.
1945 жылы кеңес армиясы атқыштар взводының командирі Рахымжан Қошқарбаев Рейхстагқа ту тікті. Бұл факт ұзақ уақыт бойы ресми деңгейде мойындалмады. Дегенмен, бұл Ұлы Отан соғысы тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Оның ерлігі миллиондаған адамдарға жігер беріп, халықтың жадында мәңгі сақталмақ.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -