Десантшылар «Бөбек» орталығының гимназиясында АӘД класы мен тир ашты
Райымбек батыр атындағы 38-ші десанттық-шабуылдау бригадасының әскери қызметшілері «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының гимназиясында алғашқы әскери даярлық сыныбын және оқу тирін жабдықтады. Салтанатты ашылу рәсіміне Қарулы күштердің ардагерлері мен әскери қызметшілері, «Бөбе» орталығының қызметкерлері қатысты. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев қатысушыларды ерекше оқиғамен құттықтады. – Патриотизм кішкентай күніңнен өз елің мен оның тарихына деген құрметтен басталады. Мектепте оқу сыныбы мен тирдің ашылуы – өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу ісіндегі маңызды қадам. Оқушылар бұл жерде әскери істің негіздерін біліп қана қоймай, Отан қорғаудың маңыздылығын түсінеді, – деді генерал-майор Алмаз Жұмакеев. Өз кезегінде гимназия директоры Гүлнар Қасенова Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы мен әскери қызметшілеріне көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді. – Бүгінгі іс-шара гимназия өміріндегі жарқын оқиға болып отыр. Біздің оқу орнымыздың Қарулы күштермен ынтымақтастығы оқушылардың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесіне ықпал ететініне сенімдімін, – деп атап өтті ол. Кездесу барысында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері гимназия тәрбиеленушілеріне өздерінің қызметі, жауынгерлік даярлығы туралы айтып, қару-жарақтың, байланыс құралдарының, құрал-саймандардың және арнайы десанттық жабдықтардың заманауи үлгілерін көрсетті. Қоян-қолтық ұрыс элеметтерін көрсету мектеп оқушыларының ерекше таңданысын тудырды. Іс-шара Десанттық-шабуылдау әскерлері шығармашылық ұжымының мерекелік концертімен аяқталды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -