Елордалық "Мемориалдық аймақ" іздеу жасағына – 45 жыл
Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде елдегі ең көне, сонымен қатар посткеңестік кеңістіктегі "Мемориалдық аймақ" іздеу жасағының 45 жылдығына арналған көрме ашылды.
Аталмыш көрме Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында ашылды. Мұнда қазақстандық құрамалар қатысқан шайқастардан әр жылдары іздеушілер тапқан жәдігерлер қойылған. Олардың арасында қару-жарақ, тұрмыстық, жеке заттар және жауынгерлердің құжаттары бар.
Экспозициялық алаңда "Мемориалдық аймақ" жасағының фотоларына көп орын бөлінген. Мұнда жиналған фотосуреттер әр жылдардағы іздеу жұмыстарын көрсетеді. Онда қазақстандықтар соғысқан жерлерде салынған ескерткіштерді көруге болады.
"Мемориалдық аймақ" іздеу тобы 1978 жылы пайда болды. Оның негізін Целиноград инженерлік-құрылыс институтының студенттері қалады. Сол кездегі жас оқытушы Майдан Құсайынов жасақтың тізгінін ұстап, күні бүгінге дейін үзбей басқарып келеді.
Кәсіби далалық іздеуші және мұрағат зерттеушісі қазіргі уақытта Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры да болып табылады. Ол көптеген жылдар бойы Санкт-Петербург маңындағы Синявинск батпақтары мен жоталарында іздеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан жасақты басқаруды жалғастыруда. Соғыс жылдарында мұнда Ақмола мен Петропавлда құрылған 310-шы және 314-ші атқыштар дивизияларының жауынгерлері ерлікпен шайқасты.
– Біз тек КСРО ғана емес, Еуропада да бірінші болдық, – деді профессор. – Біздің жігіттердің күш-жігерімен жауынгерлердің есімдері белгілі болды, олардың көпшілігі Ақмола облысынан майданға аттанғандар. Сонымен қатар, біздің жасақ "Үміт" деп аталатын мемориалдық аймақ аумағында орнатылған ескерткіштерге назар аударды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы "Звезды-журавли" ескерткіші болды. Сонымен бірге, мұрағаттарда жұмыс жүргізіліп, ұрыс карталары іздестіріліп, қалпына келтірілді, тарихи оқиғалар желісі қайта жасалды. "Мемориалдық аймақ" жасағы жұмысының арқасында мыңдаған туыстар қаза тапқандардың жатқан жеріне тәу етіп, қабірлерінен бір уыс топырақ алуға мүмкіндік алды.
Салтанатты іс-шара барысында әскери-тарихи музейде іздестіру жасағының ардагерлеріне, сондай-ақ қазақстандық іздестіру қозғалысының дамуына зор үлес қосқан адамдарға "Ерлігі, борышына адалдығы үшін" медалі табысталды. Марапатталғандардың арасында Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов та бар. Ол көп жылдар бойы жасақ құрамындағы университет оқытушылары мен студенттерін қолдап келеді.
Айта кету керек, бүгінгі таңда 300 мыңға жуық қазақстандық жауынгер Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Көрмеге елорда тұрғындары мен қонақтары бір ай бойы бара алады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -